Accessibility links

Сарапшылар дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жұмысын түрліше бағалайды


Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) бастаған президиум мүшелері Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі қазақтардың жағдайын айтқан германиялық азаматты тыңдап отыр. Азаттық видеосюжетінен алынған скриншот. Астана, 23 маусым 2017 жыл.

«Қауымдастықтың басына зейнеткерлер емес жастар келуі керек» дейді кей пікір иелері. Ал бұл ұйымның басшылығы «көпшілік қауымдастықтың міндетін министрліктердің міндетімен шатастырады» деп кейиді.

Таяуда өткен дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында Қазақстан президенті әрі дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қауымдастықтағы бірінші орынбасары Талғат Мамашевты қызметінен босатып, орнына Зауытбек Тұрысбековті тағайындады.

Құрылтай алдында әлеуметтік желіде жарияланған пікірлерде дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашевті қызметінен босату туралы жиі айтылған. Мұны айтушылар «дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жұмысы қауымдастық төрағасы орынбасарының біліктілігіне тікелей байланысты» дескен. Олардың пікірінше, қауымдастық жұмысына тікелей жауап беретін адам – төраға орынбасары, ал төрағаның оған қатысы жоқ.

«КІТАП ШЫҒАРУ МЕН МҮШӘЙРА ӨТКІЗУДЕН АСПАДЫ»

Азаттық тілшісімен сөйлескен сарапшылардың кейбірі «дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылған кездегі жұмыс қарқынын жоғалтты» деп есептейді. Қауымдастыққа сын көзқараспен қараушылардың бірі Рахым Айыпұлы «қауымдастық жазушы Қалдарбек Найманбаев басқарған тұста өнімді жұмыс істеді, ал Талғат Мамашев басқарған тұста әлсіреді» дегенді айтады. Оның айтуынша, қауымдастық Еуропа қазақтары құрылтайына қатысқанымен, этникалық қазақтар көп шоғырланған Қытай, Моңғолия және Өзбекстанда құрылтай өткізбеген.

Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында президент Нұрсұлтан Назарбаевтан қызметінен босағанын естіп отырған Талғат Мамашев. Азаттық видеосюжетінен алынған скриншот. Астана, 23 маусым 2017 жыл.
Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында президент Нұрсұлтан Назарбаевтан қызметінен босағанын естіп отырған Талғат Мамашев. Азаттық видеосюжетінен алынған скриншот. Астана, 23 маусым 2017 жыл.

- 2015 жылы қабылдаған көші-қон туралы заңға бірде-бір ұсыныс енгізбеді. Шетелдегі қазақтардың елге оралуы жолындағы қиындықтарды шешу үшін үкімет алдына тікелей мәселе қоймады. Шетелдегі қазақ ақын-жазушыларының кітаптарын шығару мен мүшәйра өткізуден аспады, – деп налиды Рахым Айыпұлы.

Оның сөзінше, «дүниежүзі қазақтарының төртінші құрылтайы кезінде қауымдастықты «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры арқылы қаржыландыру туралы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан ұсынысты пайдалана алмаған, үкіметтен қаржы алу үшін бағдарлама ұсынбаған».

Сарапшы Рахым Айыпұлы дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасарлығына жаңадан тағайындалған Зауытбек Тұрысбековтен үміт күтеді. Оның айтуынша, «1997-1999 жылдары көші-қон және демография агенттігін басқарған Тұрысбеков іскер екенін байқатқан».

«ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР БАСҚАРАТЫН ҰЙЫМҒА АЙНАЛҒАН»

Азаттық тілшісі сөйлескен тағы бір сарапшы Қуандық Шамахай Рахым Айыпұлының Зауытбек Тұрысбековке қатысты үмітіне күдікпен қарайды. Оның айтуынша, «дүниежүзі қазақтары қауымдастығы зейнетке шыққан бұрынғы шенеуніктер басқаратын, ілініп-салынған ұйымға айналған».

- Жазушы Қалдарбек Найманбаев та, Талғат Мамашев та зейнет жасындағы басшылар болды. 66 жастағы Зауытбек Тұрысбеков те – зейнеткер. Олар – мықты ұйымдастырушы болса да, жасына қарай әлеуетін тауыса бастаған адамдар. Ол ұйымға бірнеше тіл білетін, жас, жігерлі адамдар керек еді, – дейді ол.

Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төраға орынбасары болып сайланып тұрған Зауытбек Тұрысбеков. Азаттық видеосюжетінен алынған скриншот. Астана, 23 маусым 2017 жыл.
Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төраға орынбасары болып сайланып тұрған Зауытбек Тұрысбеков. Азаттық видеосюжетінен алынған скриншот. Астана, 23 маусым 2017 жыл.

Қуандық Шамахай дүниежүзі қазақтары қауымдастығын Қазақстан халқы ассамблеясымен салыстыра қарайды. Қарапайым мәдени орталықтардың бірі болып жүрген ассамблея саяси орны бар ұйымға айналып, Астанадағы президент әкімшілігі орланасқан ғимаратта отырғаны, ал қауымдастықтың Алматыда қалып қойғаны да жұмысының белсенді емес екенін білдіреді дейді ол.

Қазақстан халқы ассамблеясына да, дүниежүзі қазақтары қауымдастығына да Қазақстан президенті төрағалық етеді. Бірақ екеуі екі түрлі деңгейде.
Қуандық Шамахай

- Қазақстан халқы ассамблеясына да, дүниежүзі қазақтары қауымдастығына да Қазақстан президенті төрағалық етеді. Бірақ екеуі екі түрлі деңгейде, – дейді Қуандық Шамахай.

Ол кісінің айтуынша, дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жасаған жұмыстары аса байқалмағандықтан да түрлі қаңқу сөздер жиі айтылады. Сарапшы «қауымдастық жұмысын мүлде жоққа шығаруға да болмайды, бірақ шетелдегі қазақ диаспорасының түйткілді мәселесін шеше алатындай рөлге ие бола алмаған» деп біледі.

- Бастапқыда шетелдегі отандастарды қолдау туралы мемлекеттік бағдарламаны жақсы ұйымдастырды. Соның нәтижесінде шетелдегі қазақ диаспорасының Қазақстанда білім және ғылыммен шұғылдануына, әрі қарай орналасуына мүмкіндік берді, – дейді ол.

«ҚАРАПАЙЫМ БІРЛЕСТІК»

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, жазушы Сұлтанәлі Балғабаев Қуандық Шамахайдың сөзімен – «бұл қауымдастықтың беделі Қазақстан халқы ассамблеясымен салыстырғанда төмен» дегенмен келіседі. Оның айтуынша, «ассамблеяға жасалған жағдай мен қауымдастыққа жасалып отырған қаржылық жағдай және құқықтық мәртебенің айырмасы жер мен көктей».

Жазушы Сұлтанәлі Балғабаев.
Жазушы Сұлтанәлі Балғабаев.

«Мемлекеттен қауымдастыққа қаржы бөлінбейтінін» айтқан Сұлтанәлі Балғабаев көпшілік қарапайым бірлестікті көші қон мәселесімен айналысатын мемлекеттік мекемелермен тең қоятынына ренжиді. Оның айтуынша, 2016 жылы шыққан Қазақстан президенті жарлығында оралман мәселесімен айналысатын бес министрлік (сыртқы істер министрлігі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ішкі істер министрлігі, білім және ғылым министрлігі, денсаулық сақтау министрлігі) көрсетілген, оның сыртында жергілікті атқару органдары бар.

- Көші қонды бастапқы ұйымдастыру – сыртқы істер министрлігінің, ал әрі қарай орналастыру, көмектесу – өзге министрліктердің міндеті, – деген ол ресми орындар этникалық қазақ диаспорасы мәселелерін талқылауға тек құрылтай кезінде ғана жиналатынына налиды.

Сұлтанәлі Балғабаевтың сөзінше, қауымдастық тек қана шетелдегі этникалық қазақтарды мәдени қолдау үшін жұмыс істейді.

- Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бөгде мемлекеттердің аумағында құрылтай өткізу құқығы жоқ. Құрылтайды шетелдегі қазақ мәдени орталықтары ғана ұйымдастыра алады. Олар ұсыныс жасаса, қауымдастық көмек көрсетеді, – дейді ол.

Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайы. Азаттық видеосюжетінен алынған скриншот. Астана, 23 маусым 2017 жыл.
Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайы. Азаттық видеосюжетінен алынған скриншот. Астана, 23 маусым 2017 жыл.

Сұлтанәлі Балғабаев сарапшы Рахым Айыпұлының «қауымдастық көші-қон туралы заң жобасына ұсыныс жасамады» деген пікірімен де келіспейді. Ол заңды жасаған жұмыс тобына мүше болып қатысқанын, көптеген ұсынысты сол кезде бергенін айтады.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында 25 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Сұлтанәлі Балғабаев таяуда қауымдастықтағы басшылық қызметінен кеткелі отырғанын, бұл жөнінде қауымдастық төрағасының жаңа бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековке хабарлағанын мәлімдеді.

- Менің орныма заңды білетін, үкіметпен жұмыс істей алатын, құр босқа уралай бермейтін жас жігітті алса, жұмыс жүреді деп ойлаймын, – дейді ол.

Бірақ Сұлтанәлі Балғабаев «қауымдастық төрағасының орынбасары қызметі жасқа емес тәжірибеге байланысты» деп, Зауытбек Тұрысбековты тағайындаған Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімін талқылай алмайтынын айтады.

ВИДЕО: Құрылтайда Назарбаевқа Шыңжаңдағы қазақтардың жайын айтты

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне жаңадан тағайындалған Зауытбек Тұрысбеков бұрын ішкі істер министрі, елші, облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясының хатшысы қызметін атқарған.

Тұрысбековке дейін, 2004 жылдан бері қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Талғат Мамашев та кезінде министр болған. Мамашевтің «ұрғаным бар» деген сөзі, Азаттық тілшісінің Қытай қазақтары туралы сұрағына жауап беруден бас тартқаны ақпарат құралдарында кең тараған.

ВИДЕО: Мамашев: "Басымды қатырмашы!" (27 маусым 2017 жыл)

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы 1992 жылы қыркүйектің 29-ы күні Алматы қаласында тұңғыш рет өткен дүниежүзі қазақтарының құрылтайында құрылған. Қауымдастықтың негізгі мақсаты ретінде «шетелдегі қазақ диаспорасымен байланыс орнату, мәдени және білім беру мәселелері жөнінен жәрдемдесу» деп көрсетілген.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG