Accessibility links

Ақтау: Сот мұнайшылар кәсіподағын жаппау туралы шағымды қарай бастады


Тәуелсіз кәсіподақ ұйымын жаппауды талап етіп келген ОСС мұнайшылары Маңғыстау облыстық сотының залында тұр. Ортада көк жейделі кәсіподақ заңгері Тахир Ерданов және оның қасында сол жақта Әмин Елеусіновтың орынына мұнайшылар сайлаған Құспан Қосшағұлов Ақтау, 30 мамыр 2018 жыл.
Тәуелсіз кәсіподақ ұйымын жаппауды талап етіп келген ОСС мұнайшылары Маңғыстау облыстық сотының залында тұр. Ортада көк жейделі кәсіподақ заңгері Тахир Ерданов және оның қасында сол жақта Әмин Елеусіновтың орынына мұнайшылар сайлаған Құспан Қосшағұлов Ақтау, 30 мамыр 2018 жыл.

Маңғыстау облыстық сотының апелляциялық алқасы Oil Construction Company (ОСС) мұнайшыларының кәсіподағы ұйымын жабу туралы сот шешіміне наразылығын қарай бастады. Сот процесін апелляциялық алқа төрағасы Ғабит Бастаубаев және судьялар Хамида Каженова мен Гүлажар Бақытжанова қарайды.

Маңғыстау экономикалық соты 2018 жылдың 11 сәуірінде Маңғыстау облысы әкімдігінің "Oil Construction Company" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысшыларының кәсіподағы" қоғамдық бірлестігін жабу туралы шешімін қанағаттандырған.

Бұған ОСС кәсіподағы мүшелері наразылық білдіріп, сот шешімін кері қайтаруды талап етіп сотқа жүгінген. ОСС мекемесі мұнайшыларының кәсіподақ заңгері Тахир Ерданов сотқа кәсіподақ ұйымын жоюға еш негіз жоқтығын, өздерінің заңға сәйкес алдымен Атыраудағы мұнай-газ секторының салалық кәсіподағына, кейін олар негізсіз құрамынан шығарып тастаған соң Шымкенттегі жанармай энергетикалық комплексі салалық кәсіподағына тіркелгенін айтты.

- Мен әділет департаментінен осы тіркелгенімізді растайтын құжаттарды алдыртуды сұраймын. Шымкенттегі салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабайды куә ретінде шақырғымыз келген. Бірақ ол біздің лидерлерімізге берілген халықаралық сыйлықты алып келу үшін Ослоға жол жүруге дайындалып жатыр. Оған келген шақырту хатты да іске дәлел ретінде тіркеуді өтінемін, - деді Тахир Ерданов сотта.

Сотқа Маңғыстау облысы әкімінің өкілі ретінде келген еңбек департаменті басшысының орынбасары Шыңғыс Данияров пен ОСС мекемесінің заңгері Нұржан Оразов бұған қарсылық білдірді.

Апелляциялық сот алқасы төрағасы Ғабит Бастаубаев Ерлан Балтабайға қатысты ұсынылған шақыру қағазын қабылдаудан бас тартты.

- Бұл сіздің өтінішіңіз емес әрі ол көшірме. Ал әділет департаментінен құжатты сұратамыз, - деді ол.

Ол сот процесі кейінге қалдырылатынын хабарлады, бірақ нақты уақытын айтпады.

Ақтау қалалық №2 сотында мамырдың 4-інде ОСС мұнайшыларының тәуелсіз кәсіподағына қатысты басталған тағы бір сот процесі әзірге тоқтап тұр. Онда OCC мұнайшылары кәсіподағының жетекшісі міндетін уақытша атқарып жүрген Берік Бекбаевтың шағымы қаралып жатыр. Берік Бекбаев Әмин Елеусінов бас бостандығынан айырылған соң оның орынына Құспан Қосшығұловты кәсіподақ төрағалығына сайлаған мұнайшылардың 2018 жылғы наурыздың 15-сінде кезектен тыс өткізген конференциясы хаттамасын жарамсыз деп тануды сұраған.

Бұған дейін де Әмин Елеусінов кезіндегі кәсіподақтың басқарма мүшелері жұмыстан шығарылған мұнайшылардың кәсіподақ жарғысына сүйеніп, 2017 жылғы 1 наурызда басқарма мүшесі Құспан Қосшағұловты төраға міндетін уақытша атқарушы етіп сайлаған еді. Алайда ОСС компаниясының әкімшілігі бұл кәсіподақты мойындамаған.


Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын қайта тіркеуді талап еткен ОСС мұнайшылары 2017 жылдың 5-24 қаңтары аралығында аштық акциясын өткізген еді. Жұмыс беруші - Ақтау қаласындағы ОСС кәсіподағы кеңсесінде 292 адам, Қаламқас кенішінде 270 адам, Жетібай кенішінде 100-ге тарта адамның аштық жариялағанын мәлімдеген. Жұмыс берушінің арызын қолдаған Ақтау қалалық №2 соты былтыр қаңтардың 19-ында бұл акцияны заңсыз деп танып, оны тоқтатуға шешім шығарған.

63 мұнайшы азаматтық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сот оларға 20-50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салып, Қаламқас, Жетібай кеніштерінде тамақ ішпегендіктен компанияға келген "материалдық зардап" үшін 4 миллион теңге төлеуге міндеттеген.

2018 жылғы 22-28 мамырда аштық акциясынан соң абақтыға қамалған кәсіподақ лидерлері Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаев мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шыққан.

2018 жылғы 25 сәуірде республикалық Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының басшысы Лариса Харькова мен Нұрбек Кұшақбаев және Әмин Елеусіновтың халықаралық Артур Свенссон атындағы сыйлық иегері болғаны хабарланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG