Accessibility links

Алматыда Қытайда қамауда отырған туыстарын босатуды сұрады


Қытайда қамалған туыстарын босатуға жәрдемдесуді сұраған ата-ана мен балаларының баспасөз конференциясы. Алматы, 31 мамыр 2018 жыл.

Мамырдың 31-і күні Алматыдағы "Қазақстан" қонақ үйінде балаларын ерткен бір топ ата-ана бас қосып, Қазақстан билігінен Қытайда қамауда отырған күйеулерін арашалап алуға жәрдемдесуді сұрады. Жиынға келген балалар "Нұрсұлтан Назарбаев ата, бізге әкеміздің қайтып келуіне көмектесіңізші" дейді.

Жиынға Германияда тұратын қазақ Өмірхан Алтын да келді. Ол балаларға қаржылай түрде сый-сияпат жасады. Жиынды ұйымдастырушылардың бірі Қайрат Байтолла:

- Қытайдағы "саяси үйрену»" деп аталатын лагерьге жазықсыз қамалған азаматтардың балаларын жұбату, оларға мейірім көрсету бағытында ұйымдастырдық. Өйткені ертең - халықаралық балаларды қорғау күні. Бірақ бұл балалар өзге балалар сияқты қуана алмайды. Қытай билігі әке-шешесін қамау арқылы бұл балалардың құқығын таптап отыр, - дейді.

Жиыннан кейін қолына Қытайдағы әке-шешелерін босату туралы арыз ұстаған балалар ата-аналарымен бірге Алматыдағы Қытай консульдығына барды. Консульдық өкілі тек үш ата-ананы ғана қабылдауға ішке кіргізді.

Қабылдаудан шыққан Нұрқия Әубәкір есімді әйелдің айтуынша, консулдық өкілі наразы топтың хатын қабылдап алған. Консулдық хаттың Қытай билігіне жолданатынын, жауабы сол жақтан келетінін айтқан.

Бұған дейін Қытай қазақтарының қысым көріп жатқаны туралы көп ақпарат шықты. Қытайда қазақтардың қысым көре бастағаны туралы 2017 жылдың сәуір айынан бастап хабарлана бастаған. Былтыр Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы кезінде германиялық қазақ Өмірхан Алтын бұл мәселені Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында көтерген.

Оқи отырыңыз: Шыңжаңдағы "саяси лагерьді" ішінен көрген қазақ

Назарбаев Шыңжаңда қамалған қазақстандықтардың мәселесін шешуді Сыртқы істер министрлігіне тапсырған. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұған дейін берген сирек комментарийлерінде Қытайда қамалған қазақстандықтардың бар екенін растап, оларды босату бойынша Пекинге нота жолдағанын, Шыңжаң өлкесінің жетекшілігімен келіссөз жүргізгенін айтқан.

Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың айтуынша, осы кезге дейін Қытайда қамауда отырған Қазақстан азаматтығын алған 12 этникалық қазақтың 9-ы босатылғанын айтқан.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG