Accessibility links

Астана: Израильдегі елшілікті көшіру жоспарымыз жоқ


Қазақстан сыртқы істер министрлігі, Астана (Көрнекі сурет).
Қазақстан сыртқы істер министрлігі, Астана (Көрнекі сурет).

Қазақстан Палестина мәселесінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарлары мен Бас ассамблеясының шешімдерін басшылыққа алады. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Tengrinews.kz агенттігінің ресми сауалына жолдаған жауабында айтты.

Министрлік Таяу Шығыстағы жағдайды саяси диалог арқылы жедел және толық реттеуді қолдайтынын айтып, Израиль мен Палестина басшылықтарын және барлық мүдделі тарапты екі ел бейбіт қатар өмір сүре алатындай саяси шешім шығарудың нақты қадамдарын жасауға шақырған.

Сыртқы істер министрлігі таяу келешекте Тель-Авивтегі елшілігін басқа қалаға көшіру мәселесі қарастырылып отырмағанын айтады.

АҚШ президенті Дональд Трамп былтыр Вашингтон екіге бөлінген Иерусалимді Израиль астанасы деп танитынын және АҚШ елшілігін Тель-Авивтен осы қалаға көшіретінін жариялаған. Бұл шешім Вашингтонның Палестина-Израиль проблемасына қатысты саясатын өзгерте бастағанын білдірген.

Мамырдың 14-і күні Иерусалимде АҚШ елшілігі ашылып, Газа секторымен шекарада палестиналықтар мен Израиль әскері қақтығысып, ондаған адам өлген. Палестиналықтар Израильді бейбіт наразылық шеруін басу үшін әскери қару қолданды деп айыптаған. Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху әскерилердің іс-әрекетін "өз-өзін қорғау"деп атап, көп адамның қазасына ұласқан жағдайға жауапкершілікті ХАМАС тобына артқан.

Палестиналықтар Шығыс Иерусалим өздерінің болашақ мемлекетінің астанасы болғанын қалайды. Израиль Шығыс Иерусалимді басып алып, қаланы өзінің астанасы деп жариялаған. Халықаралық қауымдастық Тель-Авивтің бұл әрекетін құптамайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG