Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық қорғау комитетінің төрағасы – бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин қазақстандықтарды менингит жайлы әлеуметтік желілерде тараған күмәнді ақпаратқа сенбеуге шақырды. Оның видеоүндеуі Қоғамдық денсаулық қорғау комитетінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды.
Бекшин белгісіз әйелдің үрейлі дауыспен кішкентай балаларға менингитке қарсы екпе салдыруға шақырған аудиожазбасы WhatsApp мессенджері арқылы тарап жатқанын айтқан.
"Сіздерді әлеуметтік желілерден алынған шындыққа сай келмейтін мәліметтерге сенбей, тек қана министрліктің ақпаратын пайдалануға шақырамыз", - деген Жандарбек Бекшин.
Бас санитарлық дәрігердің сөзінше, бұған дейін Қазақстанда жылда менингит дертіне байланысты 62-ден 424-ке дейін оқиға тіркеліп, қайбір жылы осы аурудан 21 адам қайтыс болған. Бекішев науқастың қазасына әдетте "тез асқынатын ауруға шалдыққан адамның дәрігерге кеш қаралуы себеп" болатынын айтады.
Бекшин аурудан сақтану үшін аса қажеттілік болмаса көпшілік жиналатын жерлерге баруды шектеуге, қоғамдық көлік тәрізді жабық орындарда бетке бір рет пайдалануға арналған маска тағып жүру, жатын бөлмені ауық-ауық желдетіп, зарарсыздандырғыш зат қосылған сумен жуып отыруға кеңес берген. "Суық тию белгілері – жөтел, түшкіру, бас ауруы, дененің қызуы көтеріліп, бөртуі байқалған кезде дереу дәрігердің көмегіне жүгіну қажет" деп ескертеді Бас санитарлық дәрігер.
Алматыда соңғы бірнеше аптада аса қатерлі дерттен бес адам (екеуі - балалар) қайтыс болған.
Маусымның 1-і күні Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов журналистердің сұрағына берген жауабында, Қазақстанда жыл басынан бері 55 адамның менингокок инфекциясын жұқтырғаны анықталғанын, ауырғандардың көбі Алматыда (31 адам) тіркелгенін хабарлаған. Ол ауру жұқтыру оқиғаларын эпидемия деп санамайтынын, "жағдай бақылауда екенін" айтқан болатын.
ПІКІРЛЕР