Accessibility links

АҚШ: Қытай 1989 жылғы 4 маусым оқиғасы құрбандарын жариялауы керек


Пекиндегі Тяньаньмэнь алаңы (Көрнекі сурет).
Пекиндегі Тяньаньмэнь алаңы (Көрнекі сурет).

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қытай билігін 1989 жылғы 4 маусым оқиғасының құрбандары туралы мәліметтерді жариялауға шақырды. Помпео бұл жайында Пекиннің Тяньаньмэнь алаңында 1989 жылы 4 маусымда болған оқиғаға 29 жыл толуына байланысты мәлімдемесінде айтты.

"Біз еш кінәсі жоқ адамдардың қырылғанын еске аламыз. Нобель сыйлығының лауреаты Лю Сябоның 2010 жылы айтқанындай, төртінші маусымдағы оқиғаның елесі әлі тыныш тапқан жоқ" деді мемлекеттік хатшы.

"Біз Қытай үкіметін Тяньаньмэнь алаңындағы оқиғада қаза тапқандардың, ұсталғандардың немесе із-түзсіз жоғалғандардың мәліметін толық жариялауға, ол оқиғаны есте қалдыруға тырысқаны үшін түрмеде отырғандарды босатуға және демонстрацияға қатысқандар мен олардың отбасыларын қудалауды тоқтатуға шақырамыз" деген Майк Помпео мәлімдемесінде.

"АҚШ адам құқығын қорғауды барлық ел үшін ең бірінші міндет деп санайды және Қытай билігін жалпыға ортақ құқықтар мен барлық азаматтың негізгі еркіндіктерін құрметтеуге шақырады" делінген мәлімдемеде.

1989 жылы дәл осы алаңға жиналған мыңдаған студент, жұмысшы және қарапайым азаматтар елде саяси реформалар жүргізуді талап еткен еді. Сол жылы маусымның 4-іне қараған түні Пекинге кірген әскерилер мен танкілер шеруді күшпен басып, салдарынан жүздеген, кейбір деректер бойынша мыңдаған адамды өлтірген.

Тяньаньмэнь алаңындағы сол оқиға Қытайда әлі күнге дейін тыйым салынған тақырып саналады. Сонымен бірге, елде билікке бағынбаудың кез-келген түріне де тыйым салынған.

Қытай үкіметі бұған дейін 1989 жылғы оқиғаға тәуелсіз тексеру жүргізу туралы ұсыныс, талаптарды қабылдамай тастаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG