Ресей президенті Владимир Путин өз елі Батыс елдерінің санкцияларынан туындаған барлық қиындықты еңсеретінін, ал Батыс елдеріне санкциясын жойғаны тиімді екенін мәлімдеді. Путин бұл туралы Австрияға барған сапарында айтты. Ол наурыз айында президент болып қайта сайланғаннан кейін Еуропаға бірінші рет сапарлап отыр.
Еуропа Одағы (ЕО) мен АҚШ және басқа да батыс елдері Мәскеу Қырым түбегін аннексиялап, Украина шығысындағы сепаратистерге қолдау көрсеткен соң Ресейге қарсы санкциялар салған. Путин Венада Австрия президенті Александр Ван дер Белленмен келіссөзінен кейін өткізген баспасөз мәслихатында Ресейге қарсы санкциялардың салдары туралы мәселе де көтерілді. Путин шектеу шаралары "санкция салғандар мен салынғандарға бірдей зардап келтіретінін" айтты. Оның сөзінше, санкцияның жойылғанына "барлығы бірдей мүдделі".
Санкция мен мұнай бағасының арзандауы Ресейде екі жылға созылған экономикалық рецессияға себеп болған. Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық саясаты, Сирия дағдарысына килігуі және Ұлыбританияда ресейлік бұрынғы агент Сергей Скрипаль мен қызын улауы Мәскеудің ЕО-мен қарым-қатынасын шиеленістіріп отыр.
Путин Венада сонымен қатар Австрия канцлері Себастьян Курцпен де келіссөз жүргізді. Бұл кездесуден соң Курц Австрия ЕО-ның санкция жөніндегі ұстанымы мен шешімін қолдайтынын мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР