Accessibility links

Сот: Ардақ Әшімге қайта психиатриялық сараптама жасалсын


Азаматтық белсенді Ардақ Әшімова Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулар диспансерінде отыр. Шымкент, 31 наурыз 2018 жыл
Азаматтық белсенді Ардақ Әшімова Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулар диспансерінде отыр. Шымкент, 31 наурыз 2018 жыл

Шымкенттің Абай аудандық соты белсенді Ардақ Әшімге қайта сот психология-психиатриялық сараптама жасауды ұйғарды. Мұны Азаттыққа маусымның 8-сы күні Абай аудандық соты растады.

Аудандық соттың Азаттыққа жіберген анықтамасына сәйкес, Қылмыстық кодекстің "жала жабу" және "қорлау" бабымен сотта жауап беріп жатқан Ардақ Әшімнің ісіне төрағалық етіп жатқан судья Қанат Мылтықбаев психолия-психиатриялық сараптама жүргізуге жіберуді ұйғарған.
Ардақ Әшімнің сенімді өкілі, қызы Айнұр Әшім соттың бұл ұйғарымымен келіспейтіндерін, қарсы шағым түсіретіндерін айтады.

Ардақ Әшім наурыздың 31-і күні Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне тергеу ісі бойынша жауап беруге шақыртумен барған кезде жүйке аурулары диспансеріне еркінен тыс жатқызылған. Абай аудандық соты Ардақ Әшімді жүйке аурулары диспансеріне жатқызу туралы қаулыны наурыздың 27-інде шығарған. Белсендінің туыстары сот шешіміне апелляциялық шағым түсіргенімен, облыстық сот шағымды қанағаттандырмаған.


Бұған дейін Абай аудандық соты Ардақ Әшімнің Facebook желісінде "билікке қарсы түрлі мазмұнда теріс мақалалар жариялағаны анықталғанын", осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") бойынша іс қозғалғанын хабарлаған. Мамырдың 10-ы күні сот белсенді Ардақ Әшімді қылмыстық жауапкершіліктен босатып, мәжбүрлі амбулаториялық емге жіберген.

Оқи отырыңыз: Сот Ардақ Әшімнің қылмыстық ісін тоқтатып, мәжбүрлі емдеуге жіберді

Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Ардақ Әшімді "ар-ождан тұтқыны" деп танып, Қазақстан билігін еркінен тыс емдеуге жатқызылған белсендіні ауруханадан шығарып, оған қатысты істерді тоқтатуға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG