Accessibility links

Қазақстан Қытаймен біріккен инвестициялық қор құрды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин құжаттарға қол қою рәсімінде қол алысып тұр. Пекин, 7 маусым 2018 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин құжаттарға қол қою рәсімінде қол алысып тұр. Пекин, 7 маусым 2018 жыл.

Қазақстандық "Бәйтерек" ұлттық басқару холдингі" компаниясы Қазақстан мен Қытайдың біріккен инвестициялық қор құрғанын жариялады. "Бәйтерек" компаниясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан-Қытай Eurasian Nurly (Bright) Investment Fund қорын құру туралы келісімге 8 маусым күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға сапары аясында қол қойылды.

Компания ақпаратына қарағанда, Қазақстан жағынан келісімге "Бәйтерек" холдингінің басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, Қытай жағынан CITIC Eurasian Capital компаниясының бас директоры Сунь Ян және Қытай-Еуразия экономикалық ынтымақтастық қорының президенті Линь Ган қол қойды.


Айдар Әріпхановтың айтуынша, қордың негізгі инвестициясын Қазақстан аумағындағы экономиканың түрлі салаларына, оның ішінде инфрақұрылымды дамыту, табиғи ресурстарды қайта өңдеу, логистика, өңдеу өнеркәсібі және агроөнеркәсіп кешендеріне салу жоспарланып отыр. Құрылатын қор қаржысы "500 миллион долларға дейін" жетеді деп жоспарланған.

Әріпханов бұл келісімді іске асыруға "Бәйтеректің" еншілес "Қазына Капитал Менеджмент" компаниясы серіктес болатынын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG