Accessibility links

БАҚ: Қытай хакерлері АҚШ флоты мердігеріне шабуылдаған


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қытай хакерлері АҚШ әскери-теңіз күштерінің мердігерінен мәліметтер ұрлаған. Бұл туралы Ақ үй әкімшілігіндегі дереккөздеріне сілтеме жасап Washington Post басылымы хабарлады.

Газеттің ақпараты бойынша, хакерлер АҚШ сүңгуір қайықтары үшін кемеге қарсы дыбыстан да ұшқыр зымырандар дайындау туралы құпия құжаттарды қолға түсірген.

Хакерлер шабуылы биыл қаңтар және ақпан айларында жасалған деп хабарланды. Washington Post газетінің жазуынша, олар су асты әскери іс-қимылдар жүргізу орталығының мердігерін нысанаға алған. Мақалада мердігердің аты аталмайды. Шабуыл жасағандар Sea Dragon ("Теңіз айдахары") жобасына қатысты көлемі 614 Гб ақпаратқа қол жеткізген.


АҚШ әскери-теңіз күштері Федералдық тергеу бюросының (FBI) қолдауымен ақпаратты тарап кетуіне байланысты тергеу жүргізіп жатыр. Тергеушілер бұл ұрлыққа Қытай мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мүддесіне жұмыс істейтін хакерлер жауапты деп санайды.

Қытайдың АҚШ-тағы елшілігі Reuters агенттігіне хакерлік шабуыл туралы ештеңе білмейтінін айтқан. Дипломатиялық миссия өкілдері Қытай үкіметі "кибершабуылдың кез-келген түріне табанды түрде қарсы тұрады" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG