Accessibility links

Назарбаев ШЫҰ саммитінде "Астананың қажыр-қайраты" жайлы айтты


Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдер басшылары кеңесінің жиыны. Циндао, Қытай, 10 маусым 2018 жыл.

Қытайдың Циндао қаласында жексенбі күні жұмысын аяқтаған Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдер басшылары кеңесі жиынында бірқатар құжаттарға ол қойылды. Қытай мен Ресейдің жетекшілігіндегі аймақтық саяси-экономикалық ұйымға солармен бірге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Пәкістан мен Үндістан елдері мүше. Соңғы екі мемлекет ұйым мүшелегіне былтыр қабылданған.

"[Ұйымға] мүше мемлекеттер аймақтық жанжалдарды", соның ішінде Ауғанстан, Сирия, Таяу Шығыс пен Корей түбегіндегі жағдайды "халықаралық құқықтың жалпыға бірдей нормалары мен принциптері аясында дәйекті түрде реттеуді қолдайды" делінген ШЫҰ-на мүше елдер басшылары кеңесі отырысының қорытындысы жөніндегі хабарламада. ШЫҰ хатшылығы таратқан хабарламада кездесуге қатысушылардың "Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды реттеудің жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимыл жоспарын жүзеге асырудың маңыздылығын" атап өткені айтылған.

Ресми баспасөздің хабарлауынша, жиын қорытындысы бойынша бірқатар құжаттар, соның ішінде Циндао декларациясы, терроризм, сепаратизм мен экстремизмге қарсы тұрудың ынтымақтастық жоспары қабылданған.

Мамырдың 8-і күні АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның Иранмен арада жасалған, Іс-қимылдардың бәрін қамтитын бірлескен жоспар деген атауға ие болған келісімнен шығатыны туралы жариялаған. Трамп сонымен бірге аталған келісім аясында тоқтатылған Иранға қарсы санкциялардың қайта күшіне енетіні туралы ескерткен. 2015 жылы Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ресей, Франция және АҚШ-тың Иранмен жасасқан келісімге сәйкес, оған қол қойған тараптар егер Тегеран ядролық бағдарламасын доғарса, АҚШ пен Еуропа Одағы бұған дейін Иранға қарсы салынған экономикалық санкцияларды алып тастайды деп уағдаласқан.


ШЫҰ саммитінің кеңейтілген отырысында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысушы елдер басшыларының назарын Қазақстанның "ғаламдық және аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін үнемі қажыр-қайрат танытып келе жатқанына" аударған.

- Қазақстан Ауғанстанның экономикалық тұрғыдан орнықты және қауіпсіз дамуын қолдайды. Біз ұзақ жылдардан бері Кабулға қаржылай жәрдем беріп келеміз, - деген Назарбаевтың сөзін келтірген Ақорданың баспасөз қызметі.

Қазақстан президентінің айтуынша, Сирия дағдарысын реттеу жөніндегі Астана процесі "аталған елдегі бейбітшілікке қол жеткізу жолындағы тиімді тетік" бола алатынын көрсеткен. Бұған қоса Назарбаев Қазақстан Корей түбегінің ядролық қарусыз аймақ мәртебесіне "тек бейбіт жолмен қол жеткізуді жақтайтынын, Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келісім жасауды дәйекті түрде қолдап, өз үлесін қосып келе жатқанын" айтқан. "Біз Іс-қимылдардың бәрін қамтитын бірлескен жоспардың сақталуын және оның одан әрі мүлтіксіз орындалуын жақтаймыз", – деген Назарбаев.

ШЫҰ-ның келесі саммиті 2019 жылы маусымда Қырғызстанда өтеді деп жоспарланған. Маусымның 10-ы күні Қытайдағы саммит кезінде 2018-2019 жылдары Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) төрағалық ету кезегі Қырғызстанға өткені туралы хабарланған.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Ескі әнұран есіңізде ме?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:02 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG