Accessibility links

Қырғызстан ШЫҰ төрағалығын қабылдап алды


Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков (сол жақта) пен Қытай президенті Си Цзиньпин. Циндао, 10 маусым 2018 жыл.
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков (сол жақта) пен Қытай президенті Си Цзиньпин. Циндао, 10 маусым 2018 жыл.

2018-2019 жылдары Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) төрағалық ету кезегі Қырғызстанға өтті. Бұл туралы бүгін Қытайдың Циндао қаласында өтіп жатқан ШЫҰ-ға мүше елдер басшыларының кеңесі отырысында жарияланды.

Қытай мен Ресей жетекшілігіндегі саяси-экономикалық аймақтық ұйымның биылғы саммитінің жұмысына алғаш рет Үндістан мен Пәкістан қатысып отыр. Бұл екеуі былтыр ШЫҰ қатарына мүше болып қабылданған. Сонымен бірге осы ұйымға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан мүше. Ауғанстан, Беларусь, Иран мен Моңғолия ұйымға бақылаушы ретінде қатысады.


Қытай президенті Си Цзиньпин маусымның 10-ы күні жиында сөйлеген сөзінде бүгінгі кездесуге Пәкістан президенті Мамнун Хусейн мен Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің қатысуының "ұлы тарихи маңызы" туралы айтты. "Қатысушы елдердің көпшілігі бұл ұйымның үлкен қуатын, бұған қоса аймақ елдерінің, сондай-ақ халықаралық қауымдастықтың жіті назар аударып, үміт артып отырғанын білдіреді" деп мәлімдеген ол.

Маусымның 9-ы күні саммиттің ашылу рәсімінде Қытай басшысы қатысушылар "ауызбірлік" танытып отырған ұйымның жұмысы өзара тиімді әріптестікке құрылғанын атап өткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG