Украина шығысында қарулы қақтығыс басталған төрт жылда төрт мыңға жуық адам жоғалды, олардың жартысына жуығы әлі табылмай отыр деп мәлімдеді Киевте өткен баспасөз мәслихатында Харьков құқық қорғау тобының директоры Евгений Захаров.
Құқық қорғаушылардың мәліметінше, адамдардың жоғалып кету оқиғалары қақтығысушы екі тараптың майдан шебінде де тіркелген. Захаровтың айтуынша, Донецк облысында 2727 адам жоғалған, оның 1302-сі табылмай отыр. Луганск облысында 1205 адам жоғалып, оның 672-сі осы күнге дейін табылмаған. Құқық қорғаушы Украина қауіпсіздік қызметі із-түзсіз жоғалғандар санын азайтып көрсетеді деген болжам айтады.
Донбасстағы қарулы қақтығыс 2014 жылдың көктемінде - Ресей Қырым түбегін аннексиялап алған соң басталды. Украина мен Батыс елдері Ресейді сепаратистерді қаруландырып отыр деп айыптайды. Кремль бұл айыптуды жоққа шығарады. БҰҰ мәліметінше, Украина шығысындағы қақтығыста 10 мыңнан астам адам қаза тауып, 24 мыңға жуық адам жараланған.
ПІКІРЛЕР