Accessibility links

Қазақстандық кәсіподақ белсенділеріне Свенссон сыйлығы табысталды


Кәсіподақ белсендісі Әмин Елеусіновтің сотта отырған сәті. Астана. 14 наруыз 2017 жыл
Кәсіподақ белсендісі Әмин Елеусіновтің сотта отырған сәті. Астана. 14 наруыз 2017 жыл

Норвегия астанасы Ослода жұмысшылар құқығын қорғауда жетістікке жеткені үшін берілетін Артур Свенссон сыйлығымен марапаттау салтанаты өтті. Қазақстан Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының (ҚТКК) жетекшісі Лариса Харькова мен осы ұйымды жабуға қарсылық танытқан акция лидерлері Әмин Елеусінов және Нұрбек Құшақбаев бұл сыйлыққа биыл сәуірде ие болған.

Артур Свенссон атындағы қордың атқарушы директоры Андреас Хальсе Азаттыққа қазақстандық үш кәсіподақ белсенділеріне берілген сыйлық Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы аймақтық кеңесінің басшысы әрі Грузия Біріккен кәсіподақтарының басшысы Ираклий Петриашвилиге табысталғанын айтты. Харькова, Елеусінов пен Құшақбаев түрлі себепке байланысты марапаттау салтанатына бара алмады. Әлеуметтік желіде Ослодағы конференциядағы марапаттау салтанатынан сурет жарияланды.

Өткен айда Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаев Павлодар қалалық соты өздерін мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы арызын қанағаттандырған соң бостандыққа шыққан.

Нұрбек Құшақбаев пен Әмин Елеусінов Ақтауда 2017 жылы қаңтарда ОСС кәсіподағы кеңсесінде және "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясына тиесілі Қаламқас, Жетібай кеніштерінде бірнеше жүз жұмысшының жаппай аштық акциясы кезінде ұсталған еді. Оларды Астанаға апарып, сол жерде үстерінен қылмыстық іс қозғап, қамауға алған. Сот Құшақбаевты "заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандату" бабы бойынша айыпты деп танып, екі жарым жылға соттаған. Елеусінов "кәсіподақтың сеніп тапсырған қаржысын жымқырды" және "полицейлерге тіл тигізді, бағынбады және оларға күш қолданды" деген айыптармен екі жылға бас бостандығынан айырылған.

Шымкенттің Еңбекші аудандық соты былтыр 25 шілдеде билік шешімімен жабылған ҚТКК-нің бұрынғы жетекшісі Лариса Харькованы "бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін алаяқтықпен әрі аса ірі көлемде жымқырған" деп айыптап, бас бостандығын төрт жылға шектеу және мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарған.

Артур Свенссон сыйлығын тағайындау комитетінің қазақстандық кәсіподақ белсенділерін марапаттауға қатысты мәлімдемесінде Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақ белсенділерін биліктің қудалап, қылмыстық жауапқа тартатыны айтылған. Мәлімдемеде Қазақстан үкіметінің кәсіподақ өкілдеріне қарсы барлық айыпты жоюына және тәуелсіз кәсіподақтар құру құқығын құрметтеуіне ықпал ету қажет делінген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG