Қырғызстан парламентінің депутаты Каныбек Иманалиев әскери тікұшақтардың Сомалиге Угандада орналасқан компания арқылы жалға берілуі мүмкін екенін мәлімдеп, оған қарсы шықты. Депутат бұл туралы парламент отырысында айтты.
"Маған жеткен дерек бойынша, бізде барлығы алты тікұшақ бар. Оның екеуі жарамсыз, екеуін АҚШ-тан, екеуін Ресейден көмек ретінде алғанбыз. Бұл төрт тікұшақты угандалық компания арқылы соғыс жүріп жатқан Сомалиге жалға бермек. Қырғызстан бұдан бір тиын пайда көрмейді, барлық ақша Дубайға түседі" деді Иманалиев парламентте премьер-министрдің Қырғызстан үкіметінің 2017 жылғы жұмысы туралы есебін тыңдауда.
"Әлемдік аренада Қырғызстанның беделіне соғыс жүріп жатқан елге көмек көрсеткені үшін нұқсан келеді. Оның үстіне, біз тікұшақтарды Ресейден көмек ретінде алғанбыз, сондықтан оларды үшінші елге беруге хақымыз жоқ" деді Иманалиев.
Депутат тікұшақтардың жалға берілгені үшін қанша төленетінін және Қырғызстан не себепті одан пайда көрмейтінін айтпады.
Ал Қырғызстан премьер-министрі Мұхаммедкалый Абылгазиев бұл мәселенің анығына жетуге уәде берді.
ПІКІРЛЕР