АҚШ президенті Дональд Трамп Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанды жақында осы қызметке қайта сайлануына байланысты телефон арқылы құттықтаған. Ақ үйдің хабарлауынша, екеуі телефон әңгімесі барысында мемлекеттік шекараны нығайту қажеттігін, сонымен бірге, маусымның 12-і күні Сингапурде Трамп пен Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ынның "саммиті сәтті" өткенін талқылаған.
Оқи отырыңыз: АҚШ пен Солтүстік Корея басшылары кездесті
Трамп Орбанды жаңа үкімет жасақтауымен құттықтаған. Виктор Орбан басқаратын ФИДЕС (Fidesz – Венгриялық азаматтық одақ) ұлтшылдар партиясы сайлауда жеңіске жеткеннен кейін, Венгрияның жаңа үкіметі мамырдың 8-інен міндетін атқаруға кіріскен болатын. Орбан тәрізді Трамп та мигранттар мәселесі мен шекара қауіпсіздігіне қатысты қатаң саясат ұстануды қолдайды.
Өткен аптада Венгрия премьері Еуропаға жақында босқындар мен мигранттардың көптеп келуін "нарық спекулянттарының" өз пайдасын еселеу мақсатында қолдан жасағаны деп атаған. Орбан бұл сөзінде тегі венгриялық америкалық миллиардер әрі филантроп Джордж Соросты меңзеген.
Ақ үйдің хабарлауынша, Трамп пен Орбан телефон әңгімесі кезінде АҚШ-Венгрия қарым-қатынастарын нығайтуға уағдаласқан.
ПІКІРЛЕР