Accessibility links

Теңізде құтқарылған жүздеген мигрант Испанияға жетті


Жерорта теңізінде мигранттарды құтқарған Aquarius кемесінің қасында Италияның жағалау күзетінің қайықтары тұр. 12 маусым 2018 жыл.
Жерорта теңізінде мигранттарды құтқарған Aquarius кемесінің қасында Италияның жағалау күзетінің қайықтары тұр. 12 маусым 2018 жыл.

Жерорта теңізінде құтқарылған 630 мигрантты тиеп алған үш кеменің алқашқысы Испанияға жетті. Негізінен Африкадан, сонымен бірге Ауғанстан, Пәкістан, Бангладеш пен тағы 20-дан астам елден шыққан мигранттар таңертең ерте Испанияның оңтүстік-шығысындағы Валенсия қаласына келген кезде оларды екі мыңға жуық адам қарсы алған. Олардың бір мыңға жуығы – халықаралық Қызыл Крест ұйымының еріктілері және 470 аудармашы бар.

Мигранттардың ауыр жағдайы оларды теңізден құтқарған Aquarius кемесін Италия қабылдаудан бас тартқан соң Еуропа Одағы елдері арасындағы келіспеушілікке себеп болған. Aquarius кемесіне Италия жағалауы күзетінің екі үлкен қайығы бірге ілесіп жүр, олар мигранттардың кейбірін өздеріне отырғызып алған. Кемені Валенсия портында бірнеше тілде: "Үйге қош келдіңіздер!" деген сөз жазылған үлкен баннермен қарсы алған.

"Адамдар мұнда жәрдем берсем деген ниетпен: аудармашы қызметін көрсетуге, баспана ұсынуға келді", - дейді Қызыл Крест ұйымының еріктісі Джонсон Тамайо.


Франциялық жәрдем тобы жалдаған Aquarius кемесі өткен демалыс күндері Ливия жағалауына жақын маңда теңізде мигранттарды құтқарған. Италияда жақында популистік ұрандармен билікке келген жаңа үкімет Aquarius кемесін қабылдаудан бас тартқан. Мальта да оларды қабылдамай қойған.

Бұл мәселеге Испания араласып, елдің сыртқы істер министрі Хосеп Боррел "Еуропаны ортақ проблеманы шешу үшін ортақ саясат қалыптастыруға мәжбүрлеу" мақсатындағы саяси ишара ретінде Испанияның бұл босқындарды қабылдайтыны туралы мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG