Accessibility links

"Әлімжеттік жасаған" оқушының ісі қайта тергелмек


Шымкенттегі ОҚО кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты. 8 маусым 2018 жыл.
Шымкенттегі ОҚО кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты. 8 маусым 2018 жыл.

Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан облыстық (ОҚО) кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "қорқытып алу" және "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабымен айыпталған мектеп оқушысы Нұрбек Тұрсынханның ісін қайта тергеуге қайтарды. Бұл туралы Азаттыққа ауданаралық соттың өкілі Нұрдәулет Асауов хабарлады.

Қаратау ауданы Қайнарбұлақ шағын ауданындағы 83-мектептің оқушысы Нұрбек Тұрсынхан 2018 жылдың 10 ақпанында өз үйінде өзіне қол салып, қайтыс болған мектеп оқушысы Ерсұлтан Ахметовтың өлімі мен осы мектептің 20 оқушысынан ақша бопсалап, қысым көрсеткен деген күдікке ілінген.

Нұрбек Тұрсынханның ісі сотқа жеткеннен кейін алты сот отырысы өткен. Сот отырыстарында жәбірленуші деп танылған он оқушы айыпталушының үстінен арыз жазбағандарын мәлімдеген. Іске төрағалық еткен судья Қайрат Қоңырбаев істі тергеген тергеушілердің бірі Мұса Әлкеевтен "Жәбірленуші деп танылған кәмелет жасына толмаған балалардың жауабы мен олардың ата-аналарының арызынан бөлек тағылған айыпты дәлелдейтін не бар?" деп сұраған. Тергеуші нақты жауап бере алмаған.

Қайтыс болған оқушы Ерсұлтан Ахметовтың ата-анасы арызды Нұрбек Тұрсынханның үстінен емес, өзге төрт оқушының үстінен түсіргенін, олар тергеу кезінде жәбірленуші деп танылғанын айтқан.

Қаратау аудандық соты Қайнарбұлақ шағын ауданындағы 83-мектептің 11-сынып оқушысы Нұрбек Тұрсынханды Қылмыстық кодекстің 194-бабы ("Қорқытып алушылық") бойынша күдікті деп танып, екі айға қамауға санкция берген. Қылмыстық кодекстің "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша айып тергеу кезінде таңылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG