Accessibility links

Иранда "полицейлерді өлтірді" деген адамға өлім жазасы орындалды


Мохаммад Реза Салас (ортада) сот залында. Тегеран, 12 наурыз 2018 жыл.
Мохаммад Реза Салас (ортада) сот залында. Тегеран, 12 наурыз 2018 жыл.

Иран билігі күш құрылымдары мен жергілікті сопылық тарихат мүшелері арасындағы қақтығыста үш полицейді өлтірді деген айыппен сотталған Мохаммад Реза Саласқа өлім жазасын орындады. Иран сот қызметінің ресми сайтында хабарланғандай, Салас 18 маусым күні таңертең дарға асылған.

Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы Иран билігі бұған дейін оған өлім жазасы орындалуы мүмкін екенін мәлімдеп, Тегеранды өлім жазасын орындамауға шақырған.

"Мохаммад Саласты бүгін таңтертең дарға асқаны туралы қайғыра хабарлаймыз" деп жазды AI Twitter-де.

Ұйым кеше сотталушы Мохаммад Реза Саластың туыстары түрмеге онымен қоштасуға шақыртылғанын айтып, бұл сотталушыға бірнеше сағат ішінде өлім жазасы орындалуы мүмкін деп болжауға негіз болатынын мәлімдеген еді.

Дәруіштер атанып кеткен Гонабади сопылық тариқатының өкілдері 19 ақпан күні Тегеранның солтүстік бөлігінде көтерілген еді. Салас сол күні болған қақтығыста автобуспен топ полицейді қағып өтіп, үш полицей қаза тапқан.

Наурыздың 19-ында Иран соты Мохаммед Саласты үш полицейдің өліміне кінәлі деп танып, өлім жазасын кескен.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, сот процесінде Салас полиция қызметкерлерін қасақана өлтірмегенін бірнеше рет мәлімдеген.

Гонабади сопылық тариқатының өкілдері топ мүшелерінің қамалғанына және өздерінің 90 жастағы жетекшілері Ноурали Табандені полиция ұзамай тұтқындайды деген сыбысқа қарсылық танытқан.

Иран билігінің мәліметінше, қақтығыстан үш полицей мен Ислам революциясын қорғау сақшылары корпусымен байланысы бар жартылай әскерилендірілген құрылымның екі қызметкері қаза тапқан. Қақтығыстан соң тариқаттың 300-ге тарта өкілі тұтқындалғаны хабарланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG