Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Жамбыл облысындағы пойыз апатын тергеу барысын өз бақылауына алғанын мәлімдеді. 19 маусымда үкімет отырысында Сағынтаев пойыз апатынан қаза тапқан жеткіншектің отбасы мен туыстарына көңіл айтты.
Премьер-министр Ішкі істер министрлігіне инвестиция және даму министрлігі, "Қазақстан теміржолы" компаниясымен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп пойыз вагондарының рельстен шығып кету себебін мұқият тексеруді тапсырды.
Сағынтаев бұған қоса "Қазақстан теміржолы" компаниясына Қарағанды облыстық әкімдігімен бірігіп, қаза тапқан баланың отбасына тиісті көмек көрсетуді тапсырды. Бұған дейін компания қаза тапқан жеткіншектің отбасына екі миллион теңге өтемақы төлейтіні хабарланған еді.
17 маусым күні Шу станциясында Астанадан Алматыға келе жатқан жолаушылар пойызының бірнеше вагоны рельстен шығып кеткен. Төтенше оқиғадан Шу қаласының тұрғыны 2006 жылы туған Григорий Малинев қаза тауып, 14 адам жараланған. Басқарма мәліметінше, 14 адам дәрігерлер көмегіне жүгінді. Жарақат алғандардың біреуі Шу қалалық ауруханасына түсіп, қалған 13-і ем-дом алған соң үйлеріне қайтарылды.
Қазақстанның Бас көлік прокуратурасы Жамбыл облысында болған жолаушылар пойызы апатына байланысты Қылмыстық кодекстің "темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу" бабы бойынша іс қозғады.
ПІКІРЛЕР