Accessibility links

Шымкентте Ардақ Әшімнің апелляциялық шағымы қарала бастады


Италия парламентінің депутаты Роберто Рампи (ортада) мен Ардақ Әшімнің туыстары белсендінің апелляциялық шағымын қарайтын сотқа кірейін деп тұр. Шымкент, 19 маусым 2018 жыл.
Италия парламентінің депутаты Роберто Рампи (ортада) мен Ардақ Әшімнің туыстары белсендінің апелляциялық шағымын қарайтын сотқа кірейін деп тұр. Шымкент, 19 маусым 2018 жыл.

Маусымның 19-ы күні Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан облыстық соты белсенді Ардақ Әшімнің апелляциялық шағымын қарай бастады деп xабарлайды Азаттық тілшісі.

Ардақ Әшімнің сенімді өкілі әрі қызы Айнұр Әшім Абай аудандық сотының Ардақ Әшімді "заңмен тыйым салынған әрекетті жасаған уақытта есі дұрыс емес күйде болғанына байланысты" қылмыстық жауапкершіліктен босатып, жүйке жүйесі ауруханасында мәжбүрлі амбулаторлық емге жіберуімен келіспей апелляциялық шағым түсірген.

Апелляциялық шағымды қарауға облыстық соттың судьясы Талғат Оңғарбаев төрағалық жасайды.

Сот отырысына Ардақ Әшімнің сенімді өкілдері мен туыстары, жергілікті белсенділер мен Италия парламентінің мүшесі Роберто Рампи және италиялық құқық қорғаушы Антонио Станго қатысты. Сот отырысына Ардақ Әшімнің өзі қатыспады.

Мәжбүрлеп емдеу мәселесі сотта қаралғанда адвокаттың қатысуы міндетті екенін ескерткен судья Ардақ Әшімнің сенімді өкілінен мемлекет тағайындайтын адвокат қажет пе деп сұрады. Адвокат іспен танысуға 15 минут сұрағанымен, судья бұл уақытты жеткіліксіз деді. Прокурор Балғабай Сеңгірбаев Ардақ Әшімнің псиxологиялық аxуалын тағы білу үшін сарапшыларды сотқа шақыру туралы талап-тілек білдіріп, судья оны қанағаттандырды. Бұдан соң судья сотты істі қарауды 26 маусымға қалдырды.

"Апелляциялық шағыммен шешімді өзгертеді дегенге сенбеймін. Прокурор сарапшыларды шақыртуды сұрады. Сарапшылар бұған дейінгі сот отырыстарында бір қорытындыны қайталап оқып берген" дейді Айнұр Әшім.

Ардақ Әшім наурыздың 31-і күні Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне тергеу ісі бойынша жауап беруге шақыртумен барған кезде жүйке аурулары диспансеріне еркінен тыс жатқызылған.

Оқи отырыңыз: Сот Ардақ Әшімнің қылмыстық ісін тоқтатып, мәжбүрлі емдеуге жіберді

Бұған дейін Абай аудандық соты Ардақ Әшімнің Facebook желісінде "билікке қарсы түрлі мазмұнда теріс мақалалар жариялағаны анықталғанын", осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") бойынша іс қозғалғанын хабарлаған.
Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы Ардақ Әшімді "ар-ождан тұтқыны" деп танып, Қазақстан билігін еркінен тыс емдеуге жатқызылған белсендіні ауруханадан шығарып, оған қатысты істерді тоқтатуға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG