Accessibility links

Бішкекте Тұңғышбаевты экстрадицияламауды тағы да талап етті


Мұратбек Тұңғышбаев Қырғызстан прокуратурасының өзін Қазақстанға қайтару туралы шешіміне берген шағымын қараған сотта отыр. Бішкек, 19 маусым 2018 жыл.
Мұратбек Тұңғышбаев Қырғызстан прокуратурасының өзін Қазақстанға қайтару туралы шешіміне берген шағымын қараған сотта отыр. Бішкек, 19 маусым 2018 жыл.

Бішкекте қырғызстандық және қазақстандық белсенділер Қырғызстан билігін Астананың сұрауы бойынша ұсталған Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға қайтармауға шақырды. Қырғызстан үкіметі алдында пикет өткізгендер "Қырғызстан - егеменді құқықтық мемлекет" деп жазылған плакат пен екі ел туын және қамауда отырған Тұңғышбаевтың суретін ұстап шықты. Акцияға белсендінің туыстары мен журналистер барды. Жиналғандарды полиция қызметкерлері бақылап жүрді.

Акцияны ұйымдастырғандардың бірі қырғызстандық белсенді Ондуруш Токтонасырова бұған дейін Азаттыққа наразылар Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековке Тұңғышбаевты қайтармауды талап еткен үндеу жолдайтынын айтқан. Бұған дейін Токтонасыров Тұңғышбаевқа босқын мәртебесін беруді талап етіп, пикетке шыққан.

Блогер әрі белсенді Мұратбек Тұңғышбаев Қазақстан билігінің сұрауымен 10 мамырда Бішкекте ұсталған. Ол қазір Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) тергеу абақтысында отыр. Қазақстан билігі блогерді "тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын қолдайды" деп айыптап отыр. Тұңғышбаев пен оның туыстары бұл айыптың саяси астары барын мәлімдеп, халықаралық ұйымдардан араша сұрайды.

18 маусымда Бішкекте қырғызстандық және қазақстандық азаматтық белсенділер Тұңғышбаевты қудалауды тоқтатуды талап етіп, Қазақстан елшілігі алдында акция өткізген.


24 мамырда Қырғызстан Бас прокуратурасы Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім шығарған. Бұған дейін оны қамауға алу туралы шешімге қарсы берілген шағымдардың ешқайсысы қанағаттандырылмады. Қырғызстанның миграциялық қызметі 5 маусым күні Азаттыққа Мұратбек Тұңғышбаевтың өзіне босқын мәртебесін беру туралы өтінішін қарастырып жатқанын хабарлаған.

19 маусымда Бішкекте Мұратбек Тұңғышбаевтың Қырғызстан прокуратурасының өзін Қазақстанға қайтару туралы шешіміне берген шағымы қарала бастаған. Сотта Тұңғышбаев қырғыз билігінің өзін Қазақстанға қайтару туралы шешімімен келіспейтінін мәлімдеп, егер сот прокуратура шешімін қолдаса, "радикалдық әрекеттер жасайтынын" айтқан. Шағымды қарау 25 маусымда жалғасады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG