Accessibility links

Қадыров Салахты "Шешенстанның құрметі азаматы" қылды


Египеттік футболшы Мохаммад Салах пен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров (оң жақта).
Египеттік футболшы Мохаммад Салах пен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров (оң жақта).

Ресей құрамындағы Шешенстанның басшысы Рамзан Қадыров Египет футбол құрамасының мүшесі әрі британдық "Ливерпуль" клубының ойыншысы Мұхаммед Салахты Шешенстан республикасының құрметті азаматы атағымен марапаттағаны туралы мәлімдеді.

Қадыровтың Telegram мессенджерінде жазуынша, ол мейманға жарлықтың көшірмесі мен төсбелгіні салтанатты қонақасы кезінде тапсырған, Салах оған "ыстық ықылас пен қонақжайлық танытқаны үшін" алғысын білдірген. Футболистің өзі әзір комментарий берген жоқ, Египет футбол федерациясы ұлттық құрамаған Қадыровтың салтанатты қонақасы бергенін растаған.

Ресейдегі әлемдік футбол чемпионаты кезінде Египет құрамасы жаттығуын Грозный қаласында өткізіп жатыр. Бұған дейін Салахты жаттығулардың біріне Қадыровтың өзі алып келіп, онымен бірге суретке түскен.

Ресей мен Уругвай құрамаларынан жеңілген Египет командасы 1/8 финалға шыға алмады. Ол енді бір ойынды Сауд Арабиясымен өткізеді. Салах Ресей құрамасының қақпасына пенальтиден бір гол салған.

Салахтың Қадыровпен құшақтасып түскен суреті тарағанына байланысты құқыққорғаушы ұйымдар реніш білдіріп, Шешенстан басшысын футболды өз позициясын нығайтуға пайдаланды деп айыптаған. Қадыров адам құқықтарын жаппай бұзатын басшы ретінде сынға қалып келген.

Ресей конституциясына сәйкес, мемлекетте бірегей азаматтық беріледі, бірақ аймақтар түрлі құрметті атақтар мен наградалар тағайындауға құқылы. Бұған дейін БАҚ Шешенстанның құрметті азаматы атағын алғандар арасында Ресей президентінің кеңесшісі Владислав Сурков және француз актері Жерар Депардье бар деп хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG