Accessibility links

Өзбекстан қауіпсіздік қызметінің экс-шенеунігі азаптау айыбымен сотталды


Өзбекстан Мемлекетік қауіпсіздік комитетінің қызметкері (Көрнекі сурет).

Өзбекстан қауіпсіздік қызметінің бұрынғы бес шенеунігі азаптау және қызметін теріс мақсатта пайдалану айыбымен ұзақ мерзімдерге сотталды. Бұл туралы Азаттықтың Өзбек редакциясы сот органдарындағы дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады.

Аты-жөнін атауды қаламаған шенеунік 25 маусымда Азаттықтың Өзбек редакциясына Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Бұхара облысындағы басқармасының бұрынғы басшысы Рустам Азимовтың 24 маусымда 14 жылға сотталғанын хабарлады. Сот жабық түрде өткен.

Шенеунік Азимовтың бұрынғы төрт серігі 16 жылдан 18 жылға дейінгі мерзімдерге сотталғанын да айтты. Бұған қоса, Бұхарадағы уақытша қамау абақтысының бұрынғы төрт қарауылы да азаптау және қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану бабымен әрқайсысы 18 жылға сотталған.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 2016 жылы билікке келгелі Өзбекстандағы адам құқықтары жағдайын жақсартып, билік органдарының, оның ішінде қауіпсіздік қызметі мен Ішкі істер министрлігінің құзыретін шектегісі келеді.

Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы бұрынғы президент Ислам Каримов қайтыс болғанға дейін жариялаған есебінде Өзбекстанда азаптаудың кең таралғанын айтқан.

2017 жылы қарашада Мирзияев соттардың азаптау арқылы алынған дәлел мен айғақты есепке алуына тыйым салатын жарлық шығарған. Бірақ азаматтардың құқық қорғау органдарында азаптау көргені туралы шағымы азаяр емес.

Мирзияев бұған дейін Өзбекстан Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің жұмысын Сталин тұсындағы НКВД-нің 1937-1938 жылдардағы репрессиясымен салыстырған.

Оқи отырыңыз: Өзбекстанның "сұр кардиналы" қызметінен алынды

Биыл қаңтардың соңында Мирзияев Мемлекеттік қауіпсіздік қызметін 23 жыл үздіксіз басқарған Рустам Иноятовты қызметінен босатқан. Одан кейін қауіпсіздік қызметінің жоғары шенді бірнеше шенеунігі қызметінен алынып, тұтқындалған.


ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"Негативті емес, позитивті түсіріңдер"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:41 0:00
XS
SM
MD
LG