Accessibility links

Ресейдің 30 қаласында наразылық акциясына рұқсат берілді


Мәскеуде өткен қарсылық акциясы. Ресей, 10 маусым 2018 жыл (Көрнекі сурет).
Мәскеуде өткен қарсылық акциясы. Ресей, 10 маусым 2018 жыл (Көрнекі сурет).

Ресейдің 30 қаласының билігі зейнетақы реформасына қарсы наразылық акциясына рұқсат берді. Азаттықтың Орыс редакциясының хабарлауынша, бұл жайында ақпарат Ресей еңбек конфедерациясы (РЕК) кәсіподақ ұйымының сайтында жарияланды.

Кәсіподақ мәліметінше, 70 қалада зейнетақы реформасына қарсы акция өткізуге рұқсат беру туралы өтініш жасалған. 25 қалада акцияға рұқсат берілмеген. Тағы 50-ден астам акцияға қатысты билік әзірге жауап бермей отыр. Шенеуніктер акцияларды өткізу орнын немесе мерзімін ауыстыруды ұсынып, рұқсат беруді созбақтатып келеді.

Бұған дейін кәсіподақтар Ресей президенті Владимир Путиннен Ресейде зейнетке шығу жасын ұлғайтпауды талап етіп, петицияға қол жинай бастаған. Осы күнге дейін оған екі жарым миллионға жуық адам қол қойған. Ал әлеуметтік зерттеулер жүргізетін бірнеше ұйым Владимир Путиннің рейтингісі күрт төмендегенін анықтаған.

Оппозициялық саясаткер Алексей Навальный де 1 шілдеде Ресей қалаларында қарсылық акцияларын өткізетінін жариялады. Оның штабы футболдан әлем біріншілігі ойындары болмайтын 20 қалада акцияға рұқсат сұрап, олардың жетеуінде рұқсат алған.

Оқи отырыңыз: Доп додасы қызғанда Ресей оппозициясы наразылық танытпақ

Бұған дейін Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев 2028 жылға дейін Ресейде ер адамдардың зейнетке шығу мерзімін 60 жастан 65 жасқа дейін, ал әйелдер үшін – 2034 жылға қарай 55 жастан 63 жасқа дейін біртіндеп көтеруді ұсынған. Медведев зейнетке шығу жасын ұлғайтуға 2019 жылдан бастап кірісу жоспарланып отырғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG