Accessibility links

Сенат адвокаттық қызмет туралы заң жобасын мақұлдады


Парламент сенаты, Астана (Көрнекі сурет).
Парламент сенаты, Астана (Көрнекі сурет).

Қазақстан парламентінің сенаты 28 маусым күні пленарлық отырысында адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заң жобасын мақұлдады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Сенаттың конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мәліметінше, заң жобасында адвокаттар алқасы мен заң кеңесшілері палатасы басқармасы мен адвокаттар алқасы органдарын құру және олардың құзыретін анықтау қарастырылған. Құжат бойынша, адвокаттар алқасының төрағасы мен мүшелері төрт жылдан аспайтын мерзімге сайланбақ.

Сенат мақұлдаған заң жобасында "адвокаттардың өзін кәсіби этикалық ұстауы нормаларын сақтау, тәртіптік өндірістің шынайы және жан-жақты қаралуын қамтамасыз ету үшін" екі сатылы тәртіптік комиссия құру қарастырылған.


Бұған дейін мәжілісте заң жобасын таныстырған Қазақстан әділет министрі Марат Бекетаев заң жобасына ілеспе түзетулер мен өзгерістер жобасында адвокаттық қызметін бастау үшін жарна төлеу тәртібін жою қарастырылғанын айтқан. Оның сөзінше, Қазақстанда адвокаттық қызмет нарығы "жеткілікті түрде дамымаған және дамыған елдердегі көрсеткішке сай емес". Бекетаев адвокаттық қызмет жасағысы келгендердің алғаш төлейтін жарнасын жою бәсекелестікті жоғарылатып, заңгерлер санын көбейтуге мүмкіндік тудыратынын айтқан.

Оқи отырыңыз: Адвокаттар жаңа жобадан "қолайсыздармен күресті" байқаған

Халықаралық заңгерлер комиссиясы (International Commission of Jurists) бұған дейін ол жобаның бірқатар нормасын адвокаттар тәуелсіздігін шектейді деп бағалаған. Былтыр қазанда қазақстандық адвокаттар Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа үндеу жолдап, заң жобасын қайта дайындауға жөнелтуді сұраған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG