Accessibility links

Адвокаттар жаңа жобадан "қолайсыздармен күресті" байқаған


Адвокаттар Гүлнар Жуаспаева (сол жақта) мен Төлеген Шайықов (оң жақта) кәсіподақ белсендісі Әмин Елеусіновтің (ортада) сотында отыр. Астана, 14 наурыз 2017 жыл.

Қазақстан адвокаттарының қазанның 14-іне белгіленген кезектен тыс съезі қарсаңында делегаттарға қысым жасалып жатыр деген хабар тарады.

Съезде талқыланатын негізгі мәселе - әділет министрлігі әзірлеген "Адвокаттар қызметі және заң көмегі туралы" заң жобасы. Бұл құжат мемлекеттің килігу әрекеттері туралы мәлімдеген адвокаттар арасында наразылық тудырған. Үкімет адвокаттардың айыптауларын қисынсыз санайды.

Республикалық адвокаттар алқасының Азаттыққа хабарлауынша, кезектен тыс съезге 560-қа жуық делегат пен қонақ қатысады деп жоспарланған. Съездің күн тәртібіндегі мәселе біреу - адвокаттардың ендігі жұмысын өзгертуі мүмкін жаңа заң жобасы.

ҚЫСЫМ МЕН ҚОҚАН-ЛОҚЫ ЖАЙЛЫ ХАБАРЛАР

Астаналық адвокат Төлеген Шайықовтың айтуынша, аймақтарда адвокаттарға жасалып жатқан қысым мен қоқан-лоқы әлі тоқтаған жоқ, «сондықтан рухы әлсіздердің көбі съезге барудан бас тартып жатыр». Адвокат Гүлнар Жуаспаеваның сөзінше, Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласынан 17 адам ресми делегат ретінде тіркелген әрі қосымша тағы үш делегат сайланған.

Адвокаттарды съезге бармауға үгіттеп жатыр екен, барған адвокаттар қара тізімге ілігіп, біраздан кейін лицензиясынан айырады екен дегенді естідім. Бұл, әрине, сандырақ сөз.

- Бәріміз ұйымдасып, бірге бару үшін екі күн бұрын Семейге Алматыдан бардым. Бірақ неге екені белгісіз, жұрттың бәрі жолға шығудан бас тарта бастады, бәрі отбасында шұғыл шаруалар шығып қалды деп сылтауратады, тіпті іссапарға берілген ақшаның бәрін кері қайтарып бергендер бар. Ақыры алты-ақ делегат қалдық. Өскеменнен 20 адвокат бара жатыр. Әлдебір күшті қысым жасалып жатыр. Адвокаттарды съезге бармауға үгіттеп жатыр екен, барған адвокаттар қара тізімге ілігіп, біраздан кейін лицензиясынан айырады екен дегенді естідім. Бұл, әрине, сандырақ сөз, - дейді Гүлнар Жуаспаева.

Facebook желісіндегі парақшасында астаналық адвокат Хамида Айтқалиева да "әділет министрлігінің территориялық органдары ішінде жас-кәрісі бар адвокаттар арасында "жұмыс" жүргізіп, оларды қазанның 14-і күні Астанада өтетін адвокаттар съезіне бармағандарың өздеріңе жақсы деп азғырып жатыр" деп жазған болатын.

"Адвокаттарды заң жобасын қабылданатыны шешіліп қойған мәселе, Астанада жиналғандарыңмен ештеңе өзгермейді, бірақ адвокат болып қалуларыңды қиындатады деп иландырып жатыр... Ал әділет министрлігі БАҚ-тарда жалған ақпарат таратып, қисынсыз сандарды атаудан тартынбай адвокаттарға қарсы қарқынды үгіт жүргізіп жатыр" деп жазған Хамида Айтқалиева.

АДВОКАТТАРДЫ ТІКСІНТКЕН ТАРМАҚТАР

Адвокат Төлеген Шайықов жаңа заң жобасында өзі үзілді-кесілді келіспейтін тұстар бар дейді. Оның сөзінше, кей істерге адвокаттық құпия деген ұғым "жүрмейді", сондықтан егер жоба қазіргі түрінде қабылданса, адвокат клиентіне қарсы куәлік етуге міндетті болады.

Жобының 38-бабында "Қазақстан республикасының "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" заңға сәйкес, қаржы мониторингі жөніндегі құзырлы органға мәліметтер мен ақпараттар беру адвокаттық құпияны жария ету болып саналмайды" деп жазылған.

Төлеген Шайықовты тәртіптік комиссиялардың жаңа құрамын енгізу жоспары да алаңдатады. Жобада адвокаттардың қылықтарына әлгі комиссияларда азшылық болатын әріптестері ғана емес, енді судьялар да, әділет министрлігінің өкілдері де баға береді деп жазылған.

Енді тәртіптік комиссияны алты адамнан – екі судья, екі әділет министрлігі өкілі және екі адвокаттан құрғылары келеді. Төрт адамның дауысына екі адамның дауысы қарсы болады, ал судьялар мен әділет министрлігінің өкілдері үнемі бірге болады ғой.

- Қазір тәртіптік комиссия құрамы адвокаттардың өздерінен ғана түзіледі. Судья немесе полиция үстімізден шағым жазса, адвокаттар әріптесінің әрекетінен ешқандай заң бұзушылық таппай, жаза қолданудан бас тартатын жағдайлар бізде жиі болады. Енді тәртіптік комиссияны алты адамнан – екі судья, екі әділет министрлігі өкілі және екі адвокаттан құрғылары келеді. Төрт адамның дауысына екі адамның дауысы қарсы болады, ал судьялар мен әділет министрлігінің өкілдері үнемі бірге болады ғой. Сондықтан тергеуші немесе соттың әрекетіне қарсы шыққан қолайсыз адвокаттар тез арада лицензиясынан айырылады, - дейді Төлеген Шайықов.

Адвокаттың айтуынша, лицензиясынан айырылған адвокаттар азаматтық істермен де айналыса алмайды, өйткені заң кеңесшілері ұжымына кіруі тиіс болады.

- Егер ол ұйымға кірмесең, қанша сауатты немесе тәжірибелі болсаң да жұмыс істей алмайсың, - дейді Төлеген Шайықов.

"ЖАППАЙ БАҚЫЛАУ ОРНАТУДЫ ҰЙҒАРДЫ"

Адвокат Шайықовтың айтуынша, адвокаттар алқасы өзінің негізгі – кәсіби адвокаттарды біріктіру миссиясынан айырылып, құр қағаз жүзіндегі ұйым болып қалуы мүмкін.

- Егер адвокат тәуелсіздігінен айырылса, ол лицензиясын артық санап клиентін дұрыстап қорғамайды. Клиенттерін барын салып қорғайтын адвокаттар бірер клиенттен кейін лицензиясынан айырылады, сондықтан көнбістер мен тілалғыштар ғана қалады, - дейді Төлеген Шайықов.

Адвокат Гүлнар Жуаспаева мемлекет әріптестерінің қызметіне жаппай бақылау орнатуға тырысып жатыр деп санайды.

Ертеректе адвокаттардың бәрі - клиент пен судья, прокурордың ортасында жүретін делдалдар деген пікір болған. Бірақ біз өз ісіне адал адвокаттар бар екенін, адвокаттардың көп нәрсеге қол жетікізе алатынын дәлелдедік.

- Адвокаттар – қоғамдық ұйым, сондықтан бізде бәрі жалпы жиналыста, алқа отырыстарында шешіледі, бәрі "Адвокаттық қызмет туралы" заңмен реттеледі. Бұған қоса, ішкі жарғымыз бен этика туралы ережеміз де бар, сондықтан мәселенің бәрі қоғамдық бірлестіктің ішінде реттеледі. Ал мемлекеттің оған араласуға құқығы жоқ. Жаңа заңда олар жаппай бақылау орнатып, мүшелік жарнамызды алып тастағысы келеді. Егер оны алып тастаса, адвокаттар үшін жаңа жұмыс орындарын қандай ақшаға сатып алмақ? - дейді Гүлнар Жуаспаева.

Оның пікірінше, азаматтық белсенділер саяси тұрғыдан қудаланып жатқан тұста және Қазақстандағы тәуелсіз ақпарат құралдары жабылған соң адвокаттар қауымы азаматтық ұстанымдарын жариялап, барлық оқиғаларға комментарийлер жазып интернетте белсенділік таныта бастаған.

- Facebook пен интернеттің арқасында адвокаттардың беделі өсті. Сауатты адвокаттар барын, олар өз позициясын қорғай алатынын халық көріп отыр. Ертеректе адвокаттардың бәрі - клиент пен судья, прокурордың ортасында жүретін делдалдар деген пікір болған. Бірақ біз өз ісіне адал адвокаттар бар екенін, адвокаттардың көп нәрсеге қол жетікізе алатынын дәлелдедік. Қазір халықтың сенімі оянып, адвокатураның беделі өсті. Біз сот қателіктері, тергеу қателіктері туралы ашық айта аламыз, ал бұл оларға ұнамайды, сондықтан олар бізді заң арқылы заңгерлерге теңестіріп, жаппай бақылау орнатуды ұйғарды, - дейі Гүлнар Жуаспаева.

ӘДІЛЕТ МИНИСТРЛІГІ АЙЫПТАРДЫ ЖОҚҚА ШЫҒАРАДЫ

Ал заң жобасының авторы – әділет министрлігі өз сайтында аймақтарда "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" және "Адвокаттық қызмет және заңдық көмек мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобаларын талқылау жөнінде "қарқынды жұмыс жүргізіп жатырмыз" деп хабарлайды. Қазір ондай кездесулер Қостанай, Қарағанды және Жамбыл облыстарында өткен.

РАА-ның (Республикалық адвокаттар алқасы) маңызы артып,әділет министрлігінің рөлі кеміп келеді

Қазанның 11-12 күндері жоба авторы – әділет министрлігі "мемлекет әділет министрлігі арқылы адвокатура институтына килігіп отыр деген сарындағы айтыс-тартыс әлі тоқтамай тұр" деген баспасөз хабарламасын таратты.

Баспасөз хабарламасында "Адвокаттар қауымы министрлікті тәуелсіздігімізді бұзып, адвокаттық жұмысты реттеуді күшейтіп отыр деп айыптайды" делінген. Бірақ ары қарай "РАА-ның (Республикалық адвокаттар алқасы) маңызы артып,әділет министрлігінің рөлі кеміп келеді" деп жазылған. Жоба бойынша Әділет министрлігіне төрт құзірет беріледі, оның екеуі - жаңа құзіреттер (сақтандыру үлгілік шартын және заң кеңесшілері мен РАА палаталарына тексеру жүргізу тәртібін бекіту). Есесіне, республикалық адвокаттар алқасына екі - адвокат куәлігінің формасын, стажировкадан өту тәртібі туралы ережені бекіту құзіреті тапсырылады. Әділет министрлігінде екі құзірет – сынақ тапсыруға жіберілген жағдайда аттестаттау тәртібін, адвокаттар көрсететін заңгерлік көмек туралы статистикалық мәліметтердің формаларын бекіту құзіреттері қалады.

1997 жылы қабылданып, қазір қолданылып жүрген «Адвокаттық қызмет туралы» заңға талай рет өзгеріс, толықтырулар енгізілген. Үкімет заң ескірді деп санайды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

AzattyqTV

AzatNEWS 26.02.2020
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:15:15 0:00
XS
SM
MD
LG