Accessibility links

Ресей OPCW мандаты кеңейтілгенін мойындамайды


Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның Гаагадағы штаб-пәтері.
Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның Гаагадағы штаб-пәтері.

Ресей Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның (Organisation for the Prohibition of Chemical Weapons - OPCW) өкілеті кеңейтілгенін мойындамайды деп хабарлады Ресей Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасаған Deutsche Welle.

Бірер күн бұрын OPCW химиялық шабуыл жасауға кінәлілердің аты-жөнін атау құқығына ие болған. Сыртқы істер министрлігі өкілдері OPCW-ның жаңа құзыретін Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі конвенцияға "ауыр соққы беру" деп атады.

Ұйымның мандатын кеңейту туралы құжатты Ұлыбритания ұсынып, оны 82 мемлекет қолдаған. Құжатқа 24 ел, оның ішінде Ресей, Иран және Сирия қарсы дауыс берген. Ресейдің OPCW-дағы тұрақты өкілі Александр Шульгин Батыс елдерін Мәскеудің одақтастарына Ұлыбритания ұсынған құжатты қолдауға мәжбүрлеп отыр деп айыптаған.

OPCW құзыреті ұйымның жаңа басшысы қызметіне кіріскен соң қараша айында кеңейтіледі. Бұл уақытта химиялық шабуылға кінәлілерді анықтау процедуралары нақтыланады.

OPCW Сирияда соғыс басталғаннан бері бұл елде химиялық қару қолданылғанын бірнеше рет мәлімдеген. Ұйымның арнайы комиссиясы химиялық шабуыл болғанын бірнеше рет дәлелдеген, бірақ құзыреті жоқ болғандықтан кінәлілерді атаудан бас тартқан.

Батыс елдері химиялық шабуылға Ресей қолдайтын Сирия президенті Башар Асад билігін айыптайды. Дамаск химиялық қару қолданғанын терістеп, халықаралық бақылаушылардың қадағалауымен химиялық заттардың барлығын елден шығарғанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG