АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинге Сириядан америкалық әскерилердің шығарылуын жеделдететін келісім ұсынбақ деп хабарлады өз дереккөздеріне сілтеме жасаған CNN.
Телеарна мәліметінше, Трамптың ұсынысы Сирияның Иорданиямен шектесетін оңтүстік-батыс аумағына қатысты болмақ. АҚШ президенті өз жоспары бойынша Ресей Сирия президенті Башар Асадқа елдің Иорданиямен шекарасындағы аумағын қайтарып алуына көмектесетінін айтады. Мұның есесіне Трамп Путиннен Дамаскінің көтерілісшілерге тиіспейтініне және олардың басқа аймаққа кетуіне кепілдік беруін талап етпек. Телеарна дереккөздері АҚШ президенті Сирияның оңтүстік-батысында "оқшаулау аймағын" құрып, Иранның аймаққа енуіне жол бермеуді көздеп отырғанын айтады.
Оқи отырыңыз: АҚШ Ресеймен достаспақ па?
Дегенмен CNN Путин тіпті Трамптың жоспарын қабыл алғанның өзінде Ресейдің келісімді орындайтынына күмән барын айтады.
АҚШ пен Ресей президенттері 16 шілдеде Хельсинкиде кездеспек. Екі ел басшылары келіссөзде екіжақты қарым-қатынасты және халықаралық бірнеше мәселені талқылайды.
ПІКІРЛЕР