Accessibility links

Туск: көші-қон саясаты келісімін орындау - күрделі міндет


Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Туск. Брюссель, 29 маусым 2018 жыл.
Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Туск. Брюссель, 29 маусым 2018 жыл.

Миграциялық саясат туралы жалпыеуропалық келісімді орындау ең қиын міндетке айналуы мүмкін. Бұл туралы жұма күні Брюссельде өткен баспасөз мәслихатында Еуропа кеңесінің басшысы Дональд Туск мәлімдеген.

"Біз Еуропа кеңесінде келісімге келдік, бірақ ақиқатында бұл алдағы уақытта аймақтарда оны іске асыратынымызбен салыстырғанда ең оңай міндет", - деді Туск.


Маусымның 29-ына қараған түні Еуропа Одағы елдері жетекшілері Брюссельдегі саммитте босқын қабылдауға қатысты бірегей саясат ұстану туралы келісімге жасасқан. Қорытынды келісімге сәйкес, Еуропа Одағы елдері босқындарды ерікті түрде қабылдайды, одаққа мүше елдер арасында міндетті түрде босқындарды бөлу келісімде қарастырылмаған.

Бұған дейін миграциялық саясатқа реформа жүргізуді ұсынған Италияның премьер-министрі Джузеппе Конте егер Еуропа Одағы елдері келісімді орындамайтын болса, Рим олардың ісін қарау туралы бастама көтереді деп мәлімдеген.

Чехия премьер-министрі Андрей Бабиш келісімді Вишеград төрттігінің (Венгрия, Польша, Словакия және Чехия бірлестігі) үлкен жеңісі деп атаған. Бабиш Еуропа Одағы экономикалық мигранттар мен босқындарды тіркеу орталықтарын Еуропадан тыс жерлерде ашады деп хабарлаған. "Еуропа Одағы халықаралық жәрдемге шын мұқтаж адамдарға ғана көмектесетін болады" деген ол.

Германия канцлері Ангела Меркель миграция бойынша келісімді "дұрыс бағыттағы жөн қадам" деп атаған. Бұған дейін Меркель босқындарды Еуропа Одағы елдеріне біркелкі бөліп орналастыруды қолдаған.

Құқық қорғаушылар Еуропа Одағы жетекшілерінің мигранттарға қатысты бастамасын сынға алды. Amnesty International ұйымы Еуропадан тыс жерлердегі миграциялық орталықтарда адам құқықтары сақталмауы мүмкін деген қауіп айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG