Accessibility links

Құқық қорғаушылар 23 маусымдағы жаппай ұстауды айыптады


Полицияның арнайы жасағы көшедегі адамдарды ұстап жатыр. Алматы, 23 маусым 2018 жыл.
Полицияның арнайы жасағы көшедегі адамдарды ұстап жатыр. Алматы, 23 маусым 2018 жыл.

Қазақстандық құқық қорғаушы үш ұйым елдің ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа жазған ашық хатында маусымның 23-і күні көшедегі жұртты жаппай ұстап, тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы шеру өтетін орындар ретінде белгілеген жерлерден ондаған адамды полицияға апаруды сынға алған.

Қазақстандық адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі бюро директоры Евгений Жовтис, "Адам құқығы үшін хартиясы" қоғамдық қоры жетекшісі Жеміс Тұрмағамбетова және баспасөз құқығын қорғайтын "Әділ сөз" қорының басшысы Тамара Калеева маусымның 23-і күні полицияның азаматтарды көшеден жаппай ұстап әкетуін күш құрылымдарының ықтимал бейбіт акцияларға "сәйкес келмейтін жауабы" және бейбіт көпшілік акциялар өткізу құқығын бұзу деп атаған. Құқық қорғаушылар өздеріндегі ақпарат бойынша, Алматыда полиция бөлімдеріне 100-ге жуық адам апарылғанын, Астанада 29 адам ұсталғанын айтады. Сол тәрізді тағы бірнеше қалада билік өкілдері азаматтарды ұстаған.

Алматы мен Астанада 23 маусымдағы жаппай ұстау:

Митинг өтпеген күнгі жаппай ұстаулар
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:13 0:00

"Ұсталғандардың ешбірі тіпті рұқсат етілмеген "шараға" қатыспаған, өйткені оларда дыбыс күшейткіш құрал, плакаттар болмаған, ұрандар айтпаған, яғни ұлттық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке, өзге адамдардың құқықтары мен бостандықтарына елеулі қатер төндіре алатындай еш іс-әрекет жасамаған", - деп жазған құқық қорғаушылар. Олар полицияның көшедегі адамдарды еш негізсіз, ескертусіз, дөрекі түрде күш қолданып және құқықтарын айтып түсіндірместен ұстап әкеткенін айтады. Ұсталғандардың арасында егде жастағылар, мүгедектер, жүкті әйелдер мен баласы бар әйелдер болған. Ұсталған азаматтардың көбін полиция мекемесі мен территориясында ас-сусыз, тазалық талаптарына сай емес жағдайда бірнеше сағат бойы жібермей ұстаған.

Оқи отырыңыз: Көшедегі жұртты жаппай ұстаған күн

Құқық қорғаушылар ұсталған адамдардың көбінің мобильдік телефондарын тиісті қаулысыз және хаттамасыз алып қойғанын, ұсталғандардан саусақ іздерін алып, фотоға түсіру ешқандай қылмыстық-процессуалдық немесе әкімшілік-процессуалдық заңнамаларға негізделмей жүргізілгенін айтқан.

Хат авторлары биыл мамырдың 10-ы және маусымның 23-і күндері жұртты жаппай ұстап, полиция бөлімшелеріне апару халықаралық стандарттар мен міндеттемелерге, сонымен бірге ұлттық заңнамаға сай келмейді деп санайды.


Жовтис, Тұрмағамбетова мен Калеева Қазақстан билігін БҰҰ Адам құқығы жөніндегі комитеті мен БҰҰ-ның бейбіт митингілер мен бірлестіктер бойынша арнайы баяндамашысының ұсыныстарын орындауға, заңнама мен құқық қолдану практикасын қайта қарауға шақырған.

Осы аптада министр Қалмұханбет Қасымов БАҚ өкілдеріне маусымның 23-і күні митинг өткізуге әрекет жасаған 5 адам жауапкершілікке тартылып, бір адамның қамалғаны туралы хабарлаған. Министр ол күні нақты қанша адам ұсталғаны туралы дерек келтірмеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG