Accessibility links

Көшеге шыққандарды полиция ұстаған күн


Полицияның арнайы тобы қызметкерлері ұсталған адамды көлікке салып жатыр. Астана, 23 маусым 2018 жыл.

Маусымның 23-і күні Астана, Алматы және Шымкентте полиция көшеге шыққан ондаған адамды ұстады. Ұсталғандар ешқандай талап қоймаған, олардың қолында плакат я басқадай заттар болмаған. Полиция Қазақстанда тыйым салынған ҚДТ қозғалысы митингілер өтеді деп белгілеген орындарда ұсталған адамдарды көлікке күштеп салып, алып кетті. Ұсталғандардың кейбіріне әкімшілік хаттама толтырып, сенбінің кешінде сотқа тартылды.

Сенбі күні Алматының орталығындағы Абай атындағы опера және балет театры маңындағы Панфилов көшесінің жаяулар жүретін бөлігіне келген бірнеше адамды полиция ұстады. Оқиға орнына барған Азаттық тілшілерінің көзінше полиция ұсталғандарды көлікке күштеп салып, алып кетті. Ұсталғандар ешқандай талап айтқан жоқ, олардың қолында ұран не басқадай заттар болмаған. Бұл күні Алматының орталығында полицияның арнайы тобының жасағы көп жүргені байқалды. Олар көшеден ондаған адамды ұстап алып кетті.

Фотогалерея. Алматы көшесіндегі адамдарды полицияның ұстауы

Қазақстанның адам құқығы жөніндегі бюросының директоры Евгений Жовтистің Азаттыққа хабарлауынша, сенбі күні Алматыда полиция бюро қызметкері журналист Андрей Свиридовті ұстаған. Жовтистің сөзінше, полиция өкілдері Свиридовтен құжаттарын көрсетуді сұраған, сосын автобусқа салып, Алматының Медеу аудандық полиция бөліміне апарған.

Астанада полиция күштері қала әкімдігінің алдындағы алаңды жауып тұрды. Оқиға орнына барған Азаттық тілшісі Мәди Бекмағанбетті полиция ұстап әкетіп, құжаттарын тексерген соң босатып қоя берді. Оның хабарлауынша, полиция алаңға келген адамдарды іріктеп өткізген, алаң маңында ұсталған оннан астам адамды полиция көлігіне салып алып кеткен. Ұсталғандар ешқандай ұран не талап айтпаған, олардың қолдарында плакат я басқадай заттар болмаған.

Полиция Астана қаласы әкімдігінің маңында ұсталған адамды көлікке апара жатыр. 23 маусым 2018 жыл.
Полиция Астана қаласы әкімдігінің маңында ұсталған адамды көлікке апара жатыр. 23 маусым 2018 жыл.

Астананың Сарыарқа аудандық прокуратурасының өкілі алаң маңына жиналған адамдарға бұл жерде акция өткізуге рұқсат берілмегенін мәлімдеп, олардың тарауын талап етті. Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары да жиналған жұртты тарауға шақырып, билік бұл жерде ешқандай шара өткізуге келісім бермегенін ескертті.

Жиналған жұрт билік өкілдеріне өздерінің митингі өткізуге келмегендерін, қыдырып жүргендерін айтты. Кейбіреулері үнсіз тұрған адамдарды полицияның ұстап әкеткеніне наразылық білдірді.

Астана мен Алматыдағы оқиғалардан Азаттықтың тікелей трансляциясы:

Шымкент қаласында сенбі күні полиция Тәуке xан даңғылында орналасқан қала әкімдігі ғимараты маңынан ұстады. Азаттық тілшісі Әл-Фараби аудандық ішкі істер бөліміне жеткізілген бірнеше әйелдің "бізді ұстаған жерге қайта апарыңдар" деп полицияға талап қойғанына куә болды.

Полициядан өздерін көшеден ұстаған жерге қайта апаруды талап еткен әйелдер көлікке отырып жатыр. Шымкент, 23 маусым 2018 жыл.
Полициядан өздерін көшеден ұстаған жерге қайта апаруды талап еткен әйелдер көлікке отырып жатыр. Шымкент, 23 маусым 2018 жыл.

Шымкент қалалық әкімдігі жанында ұсталғаннан кейін полицияға жеткізілген жергілікті азаматтық белсенді Жаңабек Әбішев Азаттыққа телефонмен хабарласып, полиция бөлімінде бірнеше белсендіден жауап алып, саусақ іздерін алып жатқаны туралы хабарлады. Полиция өкілдері қанша адам, не үшін ұсталғаны туралы ақпарат беруден бас тартты.

Сенбі күні таңертең Орал қаласында полиция Азаттық тілшісі Санат Орын Әлиді ұстады. Оны полиция мекемесінде алты сағаттан астам уақыт ұстады. Тілшіміздің хабарлауынша, одан әуелі жергілікті "Уральская неделя" басылымының YouTube-арнасында жариялаған видеоның астындағы комментарийге (маусымның 23-і күні митингіге шығуға шақырған) қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша, сосын "экстремистік" деп танылған ұйымның жұмысына қатысқан деген күдікке іліккен жергілікті белсенді Бакиза Халелованың ісі бойынша куәгер ретінде жауап алмақ болған.

Оралда Азаттық тілшісін полицияның ұстауы:

Оралда Азаттық тілшісі мен бірнеше журналисті полиция ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:57 0:00

Санат Орын Әли аталған істерге өзінің қатысы жоғын айтып, бүгін полиция оны сағат 15:00 кезінде Оралда өтеді деп жоспарланған митингіге жібермеу мақсатымен ұстады деп санайды. Сенбі күні Оралда полиция жергілікті "Уральская неделя" газетінің бірнеше журналисін де ұстаған.

Бұған дейін Қазақстанда сот үкімі бойынша "экстремистік ұйым" деп танылып, қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жұртты маусымның 23-і күні елде "білім беру тегін болсын" деген талаппен митингіге шығуға шақырған. Қозғалысты 2009 жылдан бері шетелде тұратын экс-банкир, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынап жүрген қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов басқарады. Осы аптада Қазақстанда прокуратура органдары рұқсат берілмеген акцияларға қатысқаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктелетіні туралы ескерту таратқан. Прокуратура Әблязовті жұртты митингіге шақырған роликтерге актерлер жалдаған деп айыптап, оның біріне Әблязовтің жиені де түскен деп мәлімдеген. Бұған жауабында Мұхтар Әблязов прокуратураның іс-әрекетін "үрей" мен "қорқынышқа" берілу деп атаған.

Ықтимал митингілерден бірнеше күн бұрын Қазақстанның бірнеше қаласында ондаған азаматтық белсендіні полицияға шақыртып, рұқсат етілмеген акцияларға қатыспау туралы ескерткен болатын.

Ықтимал митингінің алдын алу (21 маусым 2018 жыл):

Митингінің алдын алу
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00

Бұған дейін мамырдың 10-ы күні Қазақстанның бірнеше қаласында "саяси тұтқындарды босату" және "азаптауды доғару" талаптарымен рұқсат етілмеген наразылық акциялары өткен кезде полиция ондаған адамды ұстаған. Әблязов ол шерулерді өзі ұйымдастырғаны туралы мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

  • 16x9 Image

    Аян ҚАЛМҰРАТ

     

    Аян Қалмұрат - Азаттықтың Алматы бюросында 2017 жылдан бері тілші. Тұран университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұрындары 7kun.kz ақпарат агенттігі мен "Жас Алаш" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеген. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG