Accessibility links

БАҚ-тың YouTube комменті үшін жазалануы мүмкін бе?


«Уральская неделя» газетінің құрылтайшысы Тамара Еслямова
«Уральская неделя» газетінің құрылтайшысы Тамара Еслямова

"Уральская неделя" газетінің YouTube-тегі видеосының форумына көрермен жазған коммент қылмыстық іс қозғауға негіз болды. Полиция журналистерден коммент жазушы туралы жауап алды. БАҚ саласындағы сарапшылар мен заңгерлер бұл әрекеттің заңдылығына күмән келтіреді.

Батыс Қазақстан облысындағы (БҚО) тәуелсіз басылым ретінде танылған "Уральская неделяның" құрылтайшысы мен журналистері жергілікті полицияның жаңа бір тергеу-тексеру амалына ұшырап жатыр. Орал қаласының жергілікті басылымдары маусымның 19-ында облыстық полицияның "интернеттегі арандатушы комменттерге мән бермеу" туралы мәлімдемесін жариялады. Ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Ибрагим Жүсіпқалиевке сілтеме жасалған "Информ-Биржа News" басылымының ақпаратында: "Биылғы маусымның 16-сында "Уральская неделя" басылымының видеоканалында БҚО Зеленов ауданынындағы Сұлукөл тұрғындарына күкіртті сутектің иісінен жапа шекті" атты видео жарияланған. Видеоматериал астында "Жан Байжанов" деген қолданушы тұрғындарды митингіге шақырған комментарий бар. Бұл факт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне (16.06.2018) енгізілген" деп жазылған.

ПОЛИЦИЯНЫҢ ЕСКЕРТУІ

Облыстық полиция департаменті «қоғамдық-саяси жағдайды қадағалау үшін» «Жан Байжанов» деген атпен тіркелген YouTube қолданушысын «экстремистік ұйымның қызметін ұйымдастырды және қатысты» деген күдікпен жедел іздеп жатыр. ІІД «Уральская неделя» басылымының шығарушысы мен журналистерінен осы іске қатысты куәгер ретінде жауап алғанын хабарлады. Полиция «БАҚ туралы» заңның 25-бабының 2-бөлімінің 1-тармағына сілтеме жасап, «Бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесi, бас редакторы (редакторы) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-таптық және рулық артықшылықты, қатыгездікті, зорлық пен порнографияны насихаттап, үгіттейтін хабарлар мен материалдарды таратқаны үшін, олардың алынған көздеріне қарамастан, Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жауаптылықта болатынын» ескертеді.

Тамара Еслямова
Тамара Еслямова

Маусымның 19-ында және бір оралдық БАҚ бұл жағдайға қатысты Қылмыстық кодекстің 405-бабы бойынша («Қоғамдық немесе дiни бiрлестiктiң, не өзге де ұйымның экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты олардың қызметiне соттың тыйым салу немесе тарату туралы шешiмiнен кейiн олардың қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу») іс қозғалғанын хабарлады. Region-eurasia.com сайты «Уральская неделя» газетінің құрылтайшысы мен редакторы Тамара Еслямова мен фототілшісі Рауль Упоровтан полиция «жауап алғанын» жазады.

Азаттық тілшісі БҚО ІІД баспасөз хатшысы Ибрагим Жүсіпқалиевке хабарласқанымен, ол алдымен «жағдайды анықтайын» деп, кейін телефонын мүлдем көтермеді. Бұл істі жүргізіп жатқан тергеуші Марат Қалмағамбетов Азаттықтан «кейін хабарласуын» сұрап, одан соң телефонын алмай қойды.

Оралдық «Уральская неделья» газетінің құрылтайшысы Тамара Еслямова өзінің және Рауль Упоров, Лұқпан Ахмедьяров пен Мария Мельникова сияқты журналистердің облыстық полициядан шақырту алғанын растайды.

Тамара Еслямова қылмыстық істің кімге қарсы және қандай баппенен қозғалғанын білмейтінін айтады.

- Сайтымызда біздің облыстағы ауылдардың біріндегі экологиялық жағдай жайлы мақала мен видео жарияладық. Видеоны қосымша біздің YouTube-тағы каналымызға өткен жұма күні – маусымның 15-інде жарияладық. Сол күні я ертесінде соның астына бірнеше комментарий жазылған екен, соның бірі митингіге шақыру туралы коммент болған. Осы комментарийдің пайда болуына қатысты өткен сенбіде – маусымның 16-сы күні қылмыстық іс қозғалыпты, мен бұл істе – куәгер статусындамын, - деді Тамара Еслямова.

Тамара Еслямова қылмыстық істің кімге қарсы және қандай баппенен қозғалғанын білмейтінін айтады. Себебі тергеуші оны айтпаған. Дәл осы сұраққа жауапты тергеуге барған журналист Лұқпан Ахмедьяров та ала алмаған. Ол маусымның 23-інде болуы мүмкін деп болжанған митинг өте қалса, тәуелсіз журналистер бұл акция туралы хабар таратпау үшін полиция алдын-ала қамданып жатыр деп ойлайды. Қазақстан «экстремистік ұйым» ретінде тыйым салған ҚДТ қозғалысының Францияда тұратын жетекшісі, оппозициялық тұлға, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов әлеуметтік желілер арқылы жақтастарын маусымның 23-інде жаппай митингіге шығуға шақырған.

Лұқпан Ахмедьяров
Лұқпан Ахмедьяров

- Қылмыстық іс сылтау ғана. Ең басты себеп – бәрімізге ескерту таратып беру. Не үшін? Әкімдік біздің митинг ұйымдастырушылары, я қатысушылары емес екенімізді біледі. Олар бұл процесс туралы журналистердің жазбағанын қалайды. Кеше полицияға Оралдағы наразылық туралы жазып жүрген журналистер мен блогерлерді шақырғандары да содан. Меніңше, бізге ескертулерді тапсыру үшін барлық амал жасап жатқандарының себебі – маусымның 23-інде митинг боа қалса, тек қатысушыларды емес, журналистерді де ұстау үшін формальды түрде желеу табу, - дейді Лұқпан Ахмедьяров.

САРАПШЫЛАРДЫҢ УӘЖІ

Қазақстандағы «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева «Уральская неделяның» бұл қылмыстық іске мүлдем қатысы жоқ деген сенімде.

... құқыққорғау органдары біздің заңды YouTube-ке қарсы пайдалана алмайды. Бірақ олар заңға қайшы контентті жариялаған Қазақстан азаматын жауапқа тартуға құқығы бар
Тамара Калеева

Егер «Уральская неделяның» мұндай ақпаратқа қатысы болса, қылмыстық іс ашылып, бұғатталып, тіпті жабылып та қалуы мүмкін еді. Жағдай бір жақты емес, өйткені YouTubе Қазақстан заңдарының құзыретіне жатпайды. Сондықтан біздің билік, оның ішінде құқыққорғау органдары біздің заңды YouTube-ке қарсы пайдалана алмайды. Бірақ олар заңға қайшы контентті жариялаған Қазақстан азаматын жауапқа тартуға құқығы бар. Әзірге «Уральская неделя» қызметкерлерін күдікті ретінде жауапқа тартып жатқан жоқ, тек мән-жайды анықтап жатыр. Олар (полиция – ред.) комментарий авторын іздестіріп жатыр, олай қылуға хақылы, - дейді Тамара Калеева.

БАҚ мәселелері бойынша маманданған заңгер Ольга Диденконың Азаттыққа хабарлауынша, «БАҚ туралы» заңда «әлеуметтік желідегі комментарийлер жайлы ешнәрсе айтылмаған».

«БАҚ туралы» заңда әлеуметтік желідегі комментарий туралы айтылмаған. Комментаторлар, инетернеттегі ойлары мен жазбаларына жеке өздері жауап береді. Қылмыстық іс редакцияның видеосы, я мақаласына қатысты емес,бөтен біреудің комментариіне қатысты қозғалған. Ондай болса, «БАҚ туралы заңның» 25-бабы бұл жерде мүлдем келмейді. «Уральская неделя» басылымын әлі жауапқа тартқан жоқ, журналистерден куәгер ретінде жауап алған, бірақ осының өзі журналистер мен БАҚ үшін олардың шығармашылық еркіндігі мен кәсібі қызметіне кедергі келдіру болып саналады, - дейді Ольга Диденко.

Ольга Диденко
Ольга Диденко

Заңгер бұл даулы жайтқа қатысты әлеуметтік желі қолданушылары жазған комментарийлер үшін жауапкершілікті БАҚ-қа жүктеу сөз еркіндігі бойынша халықаралық стандарттарға қаншалықты сәйкес екенін анықтау үшін БҰҰ-ның сөз еркіндігі жөніндегі арнайы баяндамашысына және ЕҚЫҰ-дағы БАҚ еркіндігі мәселесі жөніндегі өкілге сұрау жолдау қажеттігін айтты.

Халықаралық "Internews" ұйымының Қазақстандағы жетекшісі Ержан Сүлейменовтің пікірінше, БАҚ әлеуметтік желілердегі барлық комментарийлерді бақылауға міндетті емес.

Полиция YouTube әкімшілігімен хабарласып, оларға дәл осы комментарий Қазақстан заңын бұзатынын дәлелдеуі қажет. Сондықтан YouTube-тен дәл осы контентті жоюды, я бұғаттауды сұрауы қажет. Олар сол сияқты, комментарий жазған адамға қатысты барлық ақпаратты сұрауына да болады. Бірақ мұның барлығы қазақстандық күш құрылымдары мен YouTube-тың әкімшілігі арасындағы жайт. Ал «Уральская неделяның» бұған еш қатысы жоқ, - дейді медиа-сарапшы.

Әзірше анық жауапкері жоқ қылмыстық істі «митингіге қатысты алдын-ала ескерту амалы» деп қарастыратын Лұқпан Ахмедьяровтың болжамы мен YouTube-тағы коммент үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкіндігіне күмән келтіретін заңгерлердің пікірі қате болып шығуы да ықтимал.

Облыстық полицияға сілтеме жасап, мәлімдеме таратқан Region-eurasia.com сайты жоғарыда жазылған хабарламасында Тамара Еслямованы Оралдағы "саентологтардың жетекшісі" деп сипаттайды. Басылым: "Әлемнің көптеген елдерінде тыйым салынған бұл сектаның негізгі мақсаттарының бірі – мемлекетті тарату" деп жазады. Хабарламада "Уральская неделя" газеті "АҚШ үкіметі қаржыландыратын", "Қазақстан туралы жағымсыз ақпарат жинайтын" және "митингілер мен пикеттер ұйымдастыратын" ұйым ретінде көрсетілген. "Уральская неделя" - БҚО-дағы аймақтық тәуелсіз басылым ретінде өткірсаяси-әлеуметтік мәселелерді көтеру арқылы танылған газет. Басылымның жемқорлық туралы жиі жазатын бірнеше тілшісі шабуылға ұшырап, таяққа жығылған. Олардың ішінде халықаралық Reporters Without Borders ("Шекарасыз тілшілер") ұйымы тағайындаған сөз бостандығы шектелген, я сақталмайтын елдердегі жағдайларды батыл жазған журналистерге берілетін Питер Маклер сыйлығының лауреаты Лұқпан Ахмедьяров та бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG