Accessibility links

БҚО шенеуніктері және қымбат көліктер


Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгіновтің бұрынғы қызмет көліктерінің бірі (оң жақта алдыда тұрған). Орал, 18 қараша 2016 жыл.

Батыс Қазақстан облысы журналистері облыс әкімі жалға алу құны жылына үш миллион теңгеге жететін көлікпен жүретінін анықтады. Облыс аудандары бірінің әкімі жол талғамайтын қызметтік көлікті шамамен 80 мың долларға сатып алмақшы.

Зерттеу жүргізу бастамасын жергілікті «Уральская неделя» газетінің журналисі Лұқпан Ахмедияров көтерген. Ол құны 56 миллион теңге (180 мың доллардан көп) тұратын, бизнес-класқа жататын соңғы үлгідегі Audi A8 Long көлігі Оралға жіберілгенін ресми дилерлер арқылы анықтаған. Біраз уақыттан кейін 001 WK 07 мемлекеттік нөмірін жапсырған әлгі көлікті мініп жүрген Батыс Қазақстан облысы (БҚО) әкімі Алтай Көлгінов көзге түскен. Жетілдірілген үлгідегі көлік салоны сирек кездесетін ағаштан жасалған материалдармен әрленіп, ашық түсті былғарымен қапталған және қымбат бағалы мультимедиалық жүйемен жабдықталған.

ҚЫМБАТ КӨЛІКТІ ЖАЛҒА АЛУ

Лұқпан Ахмедияров қымбат көлік сатып алуға қатысты деректерді жариялауды сұрап, облыс әкімі Алтай Көлгіновтің жеке блогына сауал жолдаған. Мысалы, журналист әкімнің бұрын қызмет бабында пайдаланған S класына жататын Mercedes-Benz көлігі қайда екенін сұраған. Алтай Көлгінов блогында журналистке Audi көлігін әкімдік «айына 50 мың теңге төлеп тест-драйвтан өткізу шартымен және оны ұзарту және келесі айдан бастап айына 250 мың теңге төлеу құқығымен» жалға алғаны туралы хабарлаған. Әкімнің жазуынша, айына 50-250 мың теңге төлеп жалға алған кезде жылдық жалға алу бюджеті - 600 мыңнан үш миллион теңгеге дейінгі соманы құрамақ. Бес жылға жалға алу ақысы - үш миллионнан 15 миллион теңге болады, яғни бұл «жаңа автомобиль сатып алуға кететін шығыннан бірнеше есе арзанға түседі» деп түсіндірген әкім.

Әкімнің берген жауабында алдыңғы Mercedes-Benz қызметтік көлігі де 2012 жылдан бері жалға пайдаланылғаны айтылған. Жалға алу ақысы - айына жеті мың теңге болған. Жалға алу мерзімі 2016 жылғы желтоқсанның 31-інде біткен.

Газет редакциясы 24,5 миллион теңге тұратын ең қымбат қызметтік көлікті БҚО мемлекеттік қызметшілері арасында биыл Зеленов ауданы әкімі Кәрім Жақыпов сатып алғалы жатқанын tenderplus.kz мемлекеттік сатып алулар сайты арқылы анықтаған. Аудандық әкімдік тапсырыс берген автомобильдің техникалық сипаттамасы жол талғамайтын Toyota Land Cruiser 200 көлігі сипаттамасына дәлме-дәл келеді.

Зеленов ауданы әкімі Кәрім Жақыпов (сол жақта) пен Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгінов (оң жақта) тұрғындарға есеп беру жиынында отыр. Переметное ауылы, БҚО, 9 ақпан 2017 жыл.
Зеленов ауданы әкімі Кәрім Жақыпов (сол жақта) пен Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгінов (оң жақта) тұрғындарға есеп беру жиынында отыр. Переметное ауылы, БҚО, 9 ақпан 2017 жыл.

Алдыңғы аптадан бері аудан әкімімен жолығудың сәті түспеді. Одан қызмет автокөлігін сатып алуға қатысты телефон арқылы комментарий алу да мүмкін болмады. Әкім жұмыс орнынан табылмады. Кәрім Жақыповтың қабылдау бөлмесіндегі хатшысы «әкімге жеткізуге» уәде беріп, Азаттық тілшісінің телефон нөмірлерін ақпанның 24-і күні жазып алған болатын. Қабылдау бөлмесіндегі хатшы тілшінің телефон нөмірлері әкімге жеткенін растады, бірақ ол сол күйі байланысқа шықпады.

«Уральская неделя» газетінің дерегінше, биыл Батыс Қазақстан облысында қызметтік көліктер сатып алуға 124 миллион теңгенің мемлекеттік тендері жарияланған.

ШЕНЕУНІК ҚАНДАЙ КӨЛІКПЕН ЖҮРУІ ТИІС?

Зерттеу бастамасының авторы журналист Лұқпан Ахмедияровтың Азаттыққа айтуынша, оны мазалаған ең басты сұрақ - «мемлекеттік қызметшілер мұндай көліктер мінуге қаншалықты лайықты?» деген сауал.

- Егер мемлекеттік билік ең алдымен азаматтардың көпшілігінің тұрмыс жағдайы жақсы деңгейде болуын қамтамасыз етсе, содан кейін ғана әлдебір басшыда Porsche маркалы қызметтік көлік болғанымен келісер едім. Сондықтан қылмыс деңгейі шарықтап тұрған шақта полиция бастығы «Нива» көлігімен жүруге міндетті. Ол қоғам алдында одан артыққа лайықты емес, - дейді Ахмедияров.

Журналист Лұқпан Ахмедияров көлігінде отыр. Орал, 28 ақпан 2017 жыл.
Журналист Лұқпан Ахмедияров көлігінде отыр. Орал, 28 ақпан 2017 жыл.

Журналистің пікірінше, облыста жұмыссыздық, халықтың тұрмысы нашар топтарының құқығын қорғауға қатысты проблемалар шат-етектен асып жатқан кезде «аудан әкімі түгілі, облыс әкімі үшін премиум-класс көліктер сатып алу - ысырапшылдық» болмақ. Лұқпан Ахмедияровтың өзі жанармай аз жұмсайтын арзан Renault Sandero көлігімен жүреді.

Журналист Сергей Дувановтың пайымынша, қазақстандық шенеуніктердің сән-салтанатқа, «даңғойлыққа» және елден ерекше көрінуге құмарлығы олардың ұстанатын құндылықтарынан өрбиді. Дувановтың өзі бір көлікпен - 1989 жылы шыққан Jeep Wrangler автомобилімен жүргеніне 18 жыл болған.

- Бізде жұрт билікке баю үшін барады. Айтпақшы, билікті баюдың көзі санау - постсоветтік елдердің бәріне ортақ тренд, - дейді Сергей Дуванов.

Сондықтан, журналистің пікірінше, қазақстандық шенеуніктердің қымбат көліктер сатып алуы әбден «қисынды».

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шенеуніктерден Қазақстанда құрастырылған автомобильдерге ауысуды жария түрде дүркін-дүркін талап етуі елде қалыпты жағдайға айналған. Бірақ Батыс Қазақстан облысы әкімдігі автопаркіндегі көліктердің көбін Жапонияда шыққан «Тойота» және Lexus тәрізді танымал маркалы қымбат седандар мен жол талғамайтын машиналар құрайды.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG