Accessibility links

Полиция бірқатар белсендіге ескерту таратты


Көшедегі қауіпсіздік күштері. Қызылорда. (Көрнекі сурет)
Көшедегі қауіпсіздік күштері. Қызылорда. (Көрнекі сурет)

Кейбір оппозициялық топ өкілдері Қазақстанда маусымның 23-інде митингіге шығуға шақырған соң полиция жергілікті белсенділерді жаппай шақырып, ескерту жасай бастады.

Биылғы кәсіби мерекесінің қарсаңында полиция ерекше әбігерге түсті. Қазақстанда апта басынан бері елдің ірі қалаларында жергілікті полиция белсенділер мен азаматтарды учаскелерге шақырып, «сенбі күні болуы мүмкін митингіге» бармау туралы ескерту жасай бастады. Қазақстан соты «экстремистік ұйым» ретінде тыйым салған ҚДТ (Қазақстанның демократиялық таңдауы) қозғалысының Францияда тұратын жетекшісі, оппозициялық тұлға, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов әлеуметтік желілер арқылы жақтастарын маусымның 23-інде жаппай митингіге шығуға шақырған еді. Бұл жолы «ықтимал митинг өтетін» күн 2007 жылдан бері ресми түрде аталып өтіп келе жатқан Қазақстанның полиция күнімен тұспа-тұс келіп тұр.

Алматылық белсенді Сүйіндік Алдабергеновты бейсенбіде Бостандық аудандық ішкі істер департаментінің қызметкерлері үйінен алып кетіп, ҚДТ-ға байланысты сұрақтар қойған.

Митингінің алдын алу
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00

- «ҚДТ-ның мүшесісің бе?», «Чатта барсың ба?», «Листовка тараттың ба?», «Әблязовты танисың ба?», «Кімдерді білесің?» деген сияқты сұрақтар қойды. Негізінен 23-і күнгі митинг туралы сұрады. Оған қатысатыным-қатыспайтыным туралы. Айтқандарымның бәрін қағазға түсірді, сосын оқыдым да, қол қойдым. Мұнан соң жібере салды, - дейді белсенді.

Оның айтуынша, полиция өзге де бірнеше азаматты кеңсесіне шақырып, сұрақ-жауап алған.

Сәрсенбіде белсенді Құрал Медеуовті де кешкі сағат 21.00 шамасында Алатау аудандық ішкі істер басқармасына апарып, «ықтимал митинг» туралы сұрақтар қойып, қайта босатқан. Ол полиция учаскесінде дәл осы себеппен шақырылған өзге бірнеше адамды көріп, қысқаша тілдесе алғанын айтты.

Мұндай ескерту шаралары тек Алматы емес, Астанада да байқалған. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, дүйсенбіден бері он шақты белсенді «маусымның 23-і күнгі митингіге» байланысты жергілікті полиция учаскелеріне шақырылған. Олардың арасында Зәуре Сағидолдина мен Назым Серікбекова есімді азаматтар да бар.

Астана тұрғыны Серікбекованың айтуынша, соңғы екі апта ішінде 20 адам 23 маусым күнгі митингке байланысты жергілікті полиция учаскелеріне шақырылған. Бұлар: Бауыржан Шонов, Назым Серікпекова, Алия Жакупова, Тимур Полатов,Талғат Ермеков,Азамат Базарбаев, Толқынбек Қадырбеков, Қуандық Исмаилов, Серік Жаманбаев, Зәуре Сағидолдина, Іңкәр Тиштыбаева, Орыс Мамырбай, Нұржан Орынбаев, Дулат Ақадил, Амангелді Муратов, Ардақ Мақатов, Алма Ахметова, Дамир Бейсенбаев, Эльмира Ысқараева, Айжан Алимжанова.

- Әлгінде митинг бойынша сотталған адамдар арасында ортақ чат бар. Осы аталған азаматтардың барлығы өздерінің шақырылғанын айтты. Мысалы, өзімді Астана қалалық полиция 18 маусымда шақырды. Олар бейбіт жиын өткізу бойынша заңды түсіндіріп, түсініктеме жазыңыз дейді. Бірақ мен түсініктеме жазудан бас тарттым. Дәл осындай жағдай барлығында қайталанып отыр, - дейді Назым Серікбекова.

Митинг қарсаңында Алматы қаласындағы бірқатар ірі көшелерде қозғалыс шектелетіні хабарланды.

Теміртау тұрғыны Айнагүл Ахметова Facebook желісінде «23-і күнгі митингіге шақырғаны үшін» 84 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, әкімшілік жазаға тартылған. Бұл туралы тұрғынның өзі парақшасында хабарлап, сот шешімінің де көшірмесін көрсетеді.

Сот қаулысында Ахметованың «рұқсат етілмеген митингіге шақырып, әкімшілік заң бұзғаны» туралы жазылған. Оған Әкімшілік кодекстің 488-бабының 3-бөлігі («бейбiт жиналыстарды, митингiлерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңнамасын бұзу») бойынша айып тағылған. Сот шешімін Теміртау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Жанболат Шортанбаев шығарған. Азаттық тілшісі сотқа хабарласқанмен жауап ала алмады.

Полиция департаментінің айтуынша, 23-маусымда қазақстандық полиция күніне орай «Астана» алаңында мерекелік концерт өтпек.

Белсенділердің полицияға шақырылуына байланысты Алматы және Астана қалалық ішкі істер департаментінен жауап алу мүмкін болмады. Астана қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің өкілі София Қылышбекова Азаттық тілшісіне «мен бұған жауап бере алмаймын, кімнің жауап бере алатынын да білмеймін» деді. Ал Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек «демалыста жүрген» болып шықты.

Митинг қарсаңында Алматы қаласындағы бірқатар ірі көшелерде қозғалыс шектелетіні хабарланды. Алматы қалалық полиция департаменті мұның себебін трамвай линияларын бұзу жұмыстары мен мерекелік концерт өтеді деп түсіндіреді. Полиция департаментінің айтуынша, 23-маусымда қазақстандық полиция күніне орай «Астана» алаңында мерекелік концерт өтпек.

Сергей Дуванов
Сергей Дуванов

Адам құқығын қорғау бюросының ақпараттық бақылау орталығының жетекшісі, құқық қорғаушы Сергей Дувановтың айтуынша, полицияның алдын-алу шараларын жасауы заңсыз емес. Бірақ ол мұндай шаралар белсенділерді қорқытып-үркіту сипатында өтіп жатыр деп есептейді.

- Шын мәнінде, бұл жай ғана әңгіме емес. Бұл – қандай да бір тұлғаны қорқыту мақсатында жасалып жатқан психологиялық қысым. Осылайша оны митингіге қатысу ойынан айныту. Қызық әдіс. Мұндай тәсілдің қолданылып жүргеніне біраз болды. Мұны барлық белсенділер өз тәжірибесінен біледі, - деді Сергей Дуванов.

Қазақстанда мұндай «профилактика шаралары» түрлі митингілердің қарсаңында болып тұрады. Соңғы рет мамырдың 21-інде өткен жер мәселесіне қатысты митинг қарсаңында да полиция белсенділерді шақырып, ескерту жасаған.

(Мақаланы жазуға Аян Қалмұрат қатысты)

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG