Accessibility links

Латвияда ЖОО-да орыс тілінде оқытуға тыйым салынды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Латвия президенті Раймонд Вейонис жоғары білім беру орындары туралы заңға жекеменшік оқу орындарында орыс тілінде оқытуға тыйым салатын өзгеріс енгізуді бекітті. Өткен жылы жекеменшік жоғары оқу орындары (ЖОО) студенттерінің үштен бірі орыс тіліндегі бағдарлама бойынша оқыған.

"Түзетулерді екінші рет қарауға жібермеу туралы шешім қабылдадық. Себебі білім берудің барлық сатысында ортақ тіл қолданыста болуы тиіс. Мұндай саяси шешім қабылданған екен, оны жарияламауға еш себеп көрмей тұрмын" деді президент.

Латвияда қазір студенттердің 7,5 пайызы орыс тілді бағдарлама бойынша оқиды. Келесі жылы 1 қаңтардан бастап орыс бөлімдеріне жаңа студент қабылдау тоқтатылады.

Заң бойынша, шетел тілінде оқытуға тілдік немесе мәдени бағдарламаға сай ғана рұқсат беріледі.

Жоғары оқу орындары туралы бұған дейінгі заң мемлекеттік оқу орындарында ғана тілдің қолданылуы мәселесін реттеген.

Биыл сәуірде Латвия президенті азшылық ұлттар мектептерін (негізінен орыс мектептері) латыш тілінде оқытуға көшіру жөніндегі реформаны бекіткен. Бұған қарсы Латвия орыс одағы бірнеше рет наразылық акциясын ұйымдастырған. Латвияның Конституцияны қорғау жөніндегі ұлттық бюросы ұйымды Кремльмен байланысы бар деп біледі.

Латвияда шамамен бір миллион 700 мың халық тұрады, оның 500 мыңға жуығы өздерін орыс санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG