Accessibility links

BBG атқарушы директоры АЕ/АР туралы Ресей соты шешімін сынады


Джон Лэнсинг "Азат Еуропа / Азаттық радиосының" Мәскеу бюросында. 13 шілде 2016 жыл.
Джон Лэнсинг "Азат Еуропа / Азаттық радиосының" Мәскеу бюросында. 13 шілде 2016 жыл.

АҚШ-тың сыртқа хабар тарату кеңесінің (BBG) атқарушы директоры Джон Лэнсинг "Азат Еуропа / Азаттық Радиосы" (АЕ/АР) медиакорпорациясына Ресей Әділет министрлігінің шағымы бойынша "шетел агенті" деп танылған үкіметтік емес ұйым ретінде мемлекеттік органдарға қаржылық мәліметін бермегені" үшін 100 мың рубль көлемінде айыппұл салған Мәскеу сотының шешіміне байланысты мәлімдеме жасады.

Қабылданған шешімді ресейлік аудиторияның мүддесі үшін жұмыс істейтін тәуелсіз медиаға қарсы шабуыл деп қана түсінуге болады делінген мәлімдемеде.

Джон Лэнсинг ресейлік "Шетел агенті" туралы заң АҚШ Конгресі қаржыландыратын коммерциялық емес ұйым – "Азат Еуропа / Азаттық Радиосы" (АЕ/АР) медиакорпорациясына және "Америка дауысына" қарсы ғана қолданылғанын айтқан.

АҚШ-тың халықаралық хабар таратушы медиа компаниялары өз контентін айқындауда редакцияның тәуелсіздігіне кепілдік беретін заңмен қорғалған. Сондықтан АЕ/АР да, осы компанияға жұмыс істейтін әлдекім де АҚШ үкіметінің агенті емес. "Шетел агенті туралы" заң америкалық ықпалды ұйымға саяси шабуыл және ресейлік аудиторияға күнделікті ұсынылатын нақты әрі сенімді ақпаратқа деген сенімді жоюға тырысу болып саналады дейді BBG басшысы.


Идея алмасу еркіндігіне тосқауыл қоюмен қоса бұл заң біздің журналистерімізге жалған айдар тағып, олардың жұмыс істеуіне қатер төндіретін жағдай туғызады.

Сот қаулысы "Азат Еуропа / Азаттық Радиосы" мен "Америка дауысына" қарсы науқанды шиеленістіруді білдіреді. Бұл қаулы алаңдаушылық туғызады және қабылдауға келмейді. Бірақ ол бізді Ресей мен күллі әлемдегі адамдарды азаттық пен демократия құндылықтары туралы хабардар етіп, оларды осы құндылықтарды қолдауға үндейтін миссиямызды атқарудан бас тартуға мәжбүр ете алмайды делінген мәлімдемеде.

Шілденің 5-і күні Мәскеудің Тверь аудандық бітімгершілік судьясы Ресей Әділет министрлігі "шетел агенті" деп танылған үкіметтік емес ұйым ретінде мемлекеттік органдарға қаржылық мәліметін бермеді" деп сотқа берген "Азат Еуропа / Азаттық Радиосы" (АЕ/АР) медиакорпорациясына 100 мың рубль (500 мың теңге) көлемінде айыппұл салған. АЕ/АР заңгері сот барысында корпорация әділет министрлігі бірнеше рет сұрау салғанымен, құжатты қалай толтырудың нақты тәртібін түсіндірмегендіктен тиісті құжатты уақытында тапсыра алмағанын айтқан. Бұған қоса, "шетел агенті" деп танылған БАҚ-тың есеп беру тәжірибесі заң белгілеген құжат тапсыру мерзімі аяқталған соң күшіне енген.

Шілденің 6-сы күні Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Арлем Дезир "Азат Еуропа / Азаттық Радиосы" медиакорпорациясына "шетел агенті" туралы заңды бұзған деген негізбен айыппұл салған Тверь аудандық бітімгершілік сотының шешімін айыптаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG