Еуропа одағының сыртқы шекара қауіпсіздігі қызметі – Frontex агенттігінің басшысы Фабриче Леджери Еуропаға босқындар келіп жатқан жаңа маршруттың кеңеюіне байланысты алаңдаушылық білдірді. Welt am Sonntag басылымына берген сұхбатында ол босқындардың жаңа маршрутпен Мароккодан Испанияға келіп жатқанын айтқан.
Оның сөзінше, биылғы маусым айында Африка елдерінен келген босқындар Испания шекарасынан заңсыз өтуге әрекет жасаған алты мың оқиға тіркелген. Бұл әрекеттердің жартысына жуығын Мароккодан, қалғандарын – Батыс Африка елдерінен шыққан мигранттар жасаған. Жаңа маршрут көп ұзамай негізгі жолдардың біріне айналуы мүмкін деп санайды Frontex жетекшісі.
Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметінше, 2017 жылы Испанияға 22400-ден астам, яғни соның алдындағы жылғы көрсеткіштен үш есеге жуық көп босқын келген.
Фабриче Леджери маусымның 28-29 күндері Еуропа Одағы саммитінде қабылданған жоспарды құптаған. Ол жоспарда Жерорта теңізінде құтқарылған мигранттар үшін Еуропа Одағы аумағынан тыс жерлерде лагерьлер ашу ұсынылған.
Албания, Египет, Марокко және Тунис Брюссельдің әлгіндей орталықтар құру жөніндегі бастамасын қолдаудан бас тартатындары туралы мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР