АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Пампео өзін "гангстерше" талап қойды деп сөккен Пхеньянның айыптауын қабылдамай, Солтүстік Корея бұған дейін лидері Ким Чен Ынның ядролық қарудан бас тарту жайлы берген уәдесін орындамайынша, бұл елге салынған санкция күшінде болады деп ескертті.
"Төраға Ким Чен Ынмен келісілгендей түпкілікті, толық денуклеризация жасалғанға дейін санкциялар күшінде қалады", - деген Помпео шілденің 8-і күні Токиода Жапония және Оңтүстік Корея сыртқы істер министрлерімен өткізген келіссөздерден кейін.
Мұның алдында Пхеньян Помпео сапары кезінде Солтүстік Кореяны ядролық қарудан бас тартуға мәжбүр ету үшін "гангстерше" талап қойды деп АҚШ-ты кінәлаған.
"Америка тарабы денуклеаризация туралы тек біржақты және гангстерше талап қоюды ғана біледі", - деп мәлімдеген шілденің 7-і күні Солтүстік Корея сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.
Солтүстік Корея бұған дейін Помпеомен келіссөздер кезіндегі Вашингтонның "қынжыларлық" ұстанымын сынаған. Бұл мәлімдеме осы аптада Пхеньянда екі күнге жалғасқан келіссөздерді табысты өтті деп атаған Пампеоның сөзіне кереғар шықты. "Біз талқылаған барлық аспектілер бойынша алға жылжыдық", - деген болатын АҚШ Мемлекеттік хатшысы Пхеньяннан Токиоға бара жатқан ұшақта өзімен бірге болған журналистерге.
Солтүстік Корея сыртқы істер министрлігінің өкілі АҚШ делегациясының біржақты түрде толық әрі көз жеткізіп тексерілетіндей және қайтымсыз денуклеризация жасауды талап еткеніне қынжылыс білдірді. "Бұл жолы жоғары деңгейдегі келіссөздер Солтүстік Корея мен АҚШ арасындағы өзара сенімді нығайтатын емес, біздің ядролық қарудан арылуға деген таймас ерік-жігерімізді шайқалтып кетуі мүмкін қауіпті жағдайға әкеп тіреді", - деген ол.
Пхеньянның мәлімдемесіне қатысты Токиода айтқан сөзінде Помпео Солтүстік Кореяның жойқын қарудан бас тартуын БҰҰ талап етіп отырғанын еске салып: "Егер мұндай өтінішті гангстерлікке баласа, онда әлем гангстер болғаны", - деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР