Accessibility links

АҚШ сенаторы Ресейге қарсы санкцияның тиімділігіне шүбәланады


АҚШ сенаторы Рон Джонсон.
АҚШ сенаторы Рон Джонсон.

АҚШ Конгресі сенатының мүшесі, республикалық партия өкілі Рон Джонсон Ресейге қарсы салынған америкалық экономикалық санкциялардың тиімділігіне күмән келтіреді. "Біз Ресейге қарсы енгізген экономикалық санкциялар кәдімгідей жұмыс істейді деп шынымен ойлап жүргендер бар ма?", – деп мәлімдеген жақында Ресейге ресми сапармен келіп қайтқан Джонсон.

Оның бағалауынша, әлгі санкциялардан гөрі Кремльге жақын ресейлік кейбір ірі бизнесмендерге қарсы қабылданған шаралар әлдеқайда тиімді болып шыққан. "Әлдебір олигархтың өзіне Лондоннан миллиондаған ақша тұратын жаңа үй сатып ала алмағаны қарапайым жұртқа бәрібір, ал олар өздері бұл шаралардан жапа шекпейді", - деген сенатор.


Биыл наурызда АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі 2016 жылғы АҚШ президенті сайлауына Мәскеудің ықтимал араласуына қатысы бар деген күдікке іліккен Ресейдің бес заңды тұлғасы мен он тоғыз жеке азаматына қарсы санкциялар жарияланған. Бұған қосымша сәуір айында ресейлік жеті олигарх пен олардың компанияларына санкциялар енгізілген.

Рон Джонсон АҚШ-тың тәуелсіздік күні мерекесіне байланысты парламент демалыс алған кезде америкалық республикашыл заң шығарушылармен бірге Мәскеуге барып қайтқан. Делегация құрамында АҚШ Конгресі сенатының жеті мүшесі және Өкілдер палатасының бір адамы болған. Мәскеу 2014 жылы Қырым түбегін аннексиялап алғалы бері Конгресс мүшелері Ресейге алғаш рет барған.

АҚШ делегациясы мүшелері бұл сапарында Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Мемлекеттік дума төрағасы Вячеслав Володин және өзге де ресми тұлғалармен жүздесіп, сөйлескен, бірақ, шетелдік меймандардың үміті ақталмай, олар Ресей президенті Владимир Путинге жолыға алмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG