Accessibility links

ЕО басшылары Украинаның тұтастығына тағы да қолдау білдірді


Украина президенті Петр Порошенко (сол жақта), Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Туск (ортада) пен Еуропа комиссиясының төрағасы Жан-Клод Юнкер. Брюссель, 9 шілде 2018 жыл.
Украина президенті Петр Порошенко (сол жақта), Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Туск (ортада) пен Еуропа комиссиясының төрағасы Жан-Клод Юнкер. Брюссель, 9 шілде 2018 жыл.

Еуропа Одағы (ЕО) мен Украина Брюссельде өткен саммиттің қорытындысы бойынша жасаған бірлескен мәлімдемесінде ассоциация туралы келісімге негізделген өзара серіктестіктің берік екенін және ынтымақтастықты нығайту шараларын талқылағанын растады. Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Туск Украина мен ЕО арасындағы ассоциация туралы келісім мен еркін сауда режимінің жұмыс істеп тұрғанына бір жыл болғанын, Украина экономикасы қалпына келіп, өсім байқала бастағанын айтты.

Украина президенті Петр Порошенкомен кездесуге Еуропа Одағы атынан Дональд Туск пен Еуропа комиссиясының төрағасы Жан-Клод Юнкер қатысты. Саммит қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Дональд Туск 2017 жылы өзара сауда айналымы 24 пайызға артқанын айтты. Украина экономикасының көлемі 2017 жылы 2,4 пайызға ұлғайған, 2018 жылы ол көрсеткіш 3,5 пайызға жетеді деген болжам бар. Виза режимі жеңілдетілген жарты жылда жарты миллионнан астам Украина азаматы ЕО-ға сапарлаған.

Қырым аннексиясы жайлы айтқан Туск ЕО-ның бұл проблемадағы ұстанымы өзгермейтінін мәлімдеді. Ресей Қырымда президент сайлауын өткізіп, Украинаның келісімінсіз Керченск көпірін салған соң Ресейге қарсы санкция күшейтілген.

ЕО басшылары Минск келісімін барлық тараптардың толық орындағаны маңызды екенін айтып, Украина шығысындағы соғысқа Ресей жауапты екенін мәлімдеді.

БҰҰ мәліметінше, 2014 жылдың көктемінен бері Украина шығысындағы қақтығыстарда 10300-ден астам адам қаза тауып, 24600-ден астам адам жараланды.

Дональд Туск Ресей билігін заңсыз сотталған украиналық режиссер Олег Сенцов пен Ресей және Қырым түрмелерінде отырған басқа да саяси тұтқындарды босатуға тағы да шақырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG