Accessibility links

АҚШ "Солтүстік ағын-2" жобасына қатысушыларға санкция салмақ


"Солтүстік ағын-2" газ құбырын салуға теңізде қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан экскаватор. Германия, мамыр 2018 жыл (Көрнекі сурет).
"Солтүстік ағын-2" газ құбырын салуға теңізде қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан экскаватор. Германия, мамыр 2018 жыл (Көрнекі сурет).

АҚШ "Солтүстік ағын-2" газ құбырын салу және оны іске қосу жобасына қатысып жатқан еуропалық компанияларға санкция салуы мүмкін. Бұл жайлы 12 шілде күні АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі мәлімдеді.

"Біз газ құбыры Еуропадағы тұрақтылық пен энергетикалық қауіпсіздікке қатер төндіретініне сенімдіміз. Себебі ол Ресейге Еуропа елдеріне, әсіресе Украинаға саяси ықпал етуге мүмкіндік береді" деді АҚШ өкілі.

АҚШ-тың "Американың қарсыластарына санкция арқылы қарсы іс-қимыл жасау туралы" заңы бойынша, Ресейдің экспорттық жобаларын іске асыруға қатысып жатқан компанияларға санкция салу мүмкіндік бар. Санкцияға қатысты түпкілікті шешімді Ақ үй әкімшілігі қабылдайды.

АҚШ президенті Дональд Трамп Брюссельде өтіп жатқан НАТО саммиті қарсаңында Еуропа Одағы елдерін, әсіресе Германияны энергетикалық саясатына бола сынаған. Трамп олардың Ресейден көмірсутегі шикізатын тасымалдауға "миллиардтаған доллар" төлеп отырып, АҚШ-тан өздерін Мәскеу тарапынан төнетін қауіптен қорғауды сұрайтынын айтқан. Ол "Солтүстік ағын-2" құбырын ашық сынаған.

"Солтүстік ағын-2" құбыры Ресейде өндірілген табиғи газды Украина мен Польша жерінен айналып өтіп, Балтық теңізінің табаны арқылы Батыс Еуропаға жеткізуге арналған.

Вашингтон мен Шығыс Еуропа елдерінің көпшілігі Ресейден Германияға тікелей тасымалданатын газ көлемін екі есе арттыруға арналған "Солтүстік ағын - 2" құбыр жобасы Батыс Еуропаны Ресейдің табиғи энергия ресурстарына тәуелділігін бұрынғыдан да күшейте түседі деп қауіптенеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG