Шымкентте Түркістан облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полициясының 38 қызметкеріне қатысты сот процесі басталды деп xабарлайды Азаттық тілшісі.
Сот отырысы облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) көші-қон полициясы басқармасы орналасқан ғимараттың арнайы жабдықталған залында өтіп жатыр. Процесті Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әбсаттар Шайхиддинов жүргізіп отыр.
Сот отырысы басталғанда айыпталушылардың кейбір туыстары сот залына сыймауына байланысты ішке кіре алмай сыртта қалды.
Сотқа айыпталушылар мен олардың туыстары, екі прокурор мен 27 қорғаушы қатысып жатыр.
Айыпталушылардың басым бөлігі - облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полициясының аудандардағы тіркеу-емтиxан бөлімшелерінде жұмыс істеген көлік инспекторлары. Кейбір айыпталушылар зейнетке шыққан.
Судья айыпталушылардың аты-жөні мен мекен-жайы, бұрын сотталғаны, я сотталмағанын және қорғаушыларымен таныстырды.
Айыпталушылардың басым бөлігі айыптау актісін кешіктіріп алғанын, кәмелетке толмаған балалары барын, білімі жоғары заңгер екенін айтты.
Сотта күдіктілердің алғашқы легі 2016 жылдың 14 шілдесінен бастап ұсталып, қамауға алынғаны айтылды.
Судья БАҚ өкілдеріне сот отырысына қатысуға рұқсат бергенімен, айыпталушылар өздерін фото және видео түсіруге рұқсат етпеді.
2016 жылдың шілде айында облыстық ІІД әкімшілік полициясының тіркеу-емтихан бөлімінде арнайы операция жүргізілген. Операция кезінде 38 полиция қызметкері ұсталған. Оларға Қылмыстық кодекстің оннан аса бабы бойынша, оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған жетекшілік етті, пара алды және пара берді, қызмет бабын асыра пайдалана отырып, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасады деген айыптар тағылған.
ПІКІРЛЕР