Accessibility links

Бүгін Трамп пен Путин кездеседі


2017 жылы шілденің 7-сінде Германияда кездескен Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп.
2017 жылы шілденің 7-сінде Германияда кездескен Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп.

Жексенбі күні кешке АҚШ президенті Дональд Трамп Хельсинкиге жетті. Ол бүгін – шілденің 16-сында Ресей президенті Владимир Путинмен кездеседі.

Саммитте Трамп пен Путин оңаша сөйлеседі. Бірақ әңгіме не туралы болатыны алдын ала айтылған жоқ. Екі ірі ядролық держава президенттерінің кездесуде не талқылайтыны алдын ала айтылмауы – алғаш рет болып тұрған жағдай.

Бірнеше күн бұрын басылымдар Трамп пен Путин Украина батысындағы жағдай мен Ресей аннекциялап алған Қырым жайлы сөйлесетінін жазған. Ядролық қарусыздандыру мен ядролық қаруды таратпау туралы да әңгіме болатыны айтылды.

Алайда шілденің 13-інде АҚШ Ресейдің Бас барлау басқармасының 12 қызметкеріне айып таққан соң ықтимал тақырыптарға қатысты болжамдар күрт өзгерген. Вашингтонда Трамптың "АҚШ сайлауына араласу операциясына жетекшілік еткен" Путиннің "қолын алуына" наразылық айтыла бастады.

Оқи отырыңыз: Трамп пен Путин кездесуінен не күтуге болады?

Бірақ Мәскеу АҚШ сайлауына араласқаны туралы айыптауларды жоққа шығарады.

Трамп бірнеше күн бұрын Ұлбыританияға барғанда АҚШ президентіне қарсылық білдірген мыңдаған адамның ереуілі өтті. Путинмен кездесер алдында – шілденің 15-інде ереуілдер Хельсинкиде жалғасты. Азаттықтың орыс қызметі Ресей президентінің келуіне қарсы наразылық акциялары да байқалғанын жазады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG