Accessibility links

Өртенген автобус ісі бойынша сот 20 шілдеде басталады


Ақтөбе маңында жанып кеткен автобус. 18 қаңтар 2018 жыл.

Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық соты Өзбекстанның 52 азаматы қаза тапқан автобус өртіне қатысты қылмыстық істі 20 шілдеде қарай бастайды. Бұл туралы Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Ырғыз аудандық сотының судьясы Серік Махамбетовке тапсырылған істе бес адам жауап береді. Оның үшеуі – автобус жүргізушісі, екеуі – "Азия транзит сервис" фирмасының құрылтайшысы мен механигі. Автобус жүргізушілері – Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков пен Барат Таңатов 2018 жылғы 26 қаңтардан бері Ақтөбедегі тергеу изоляторында отыр. Ал "Азия транзит сервис" компаниясының жетекшісі мен механигі кепіл төлегендіктен, ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылған.

Ақтөбе облысындағы автобус өрті ісі сотқа түскенін прокуратура 9 шілдеде хабарлаған.

Тергеу деректерінше, фирма құрылтайшы заңды тұлға ретінде өз міндеттерін тиісті түрде атқармады, жарамсыз көлік құралын пайдалануға берді және құжатты қолдан жасады деп айыпталған. Ал механикке "ақауы бар автобусты жолға шығарды" деген айып тағылған.

Көре отырыңыз: Автобус өртенген аймақ

Биыл қаңтардың 18-і күні таңертең Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықтықта Шымкент - Самара тас жолында жолаушылар автобусы өртенген. Билік орындарының хабарлауынша, автобуста барлығы 57 адам болған, олардың 52-і қазаға ұшыраған. Құрбан болғандардың барлығы – Өзбекстан азаматтары. Екі жолаушы мен үш жүргізуші аман қалған.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"Негативті емес, позитивті түсіріңдер"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:41 0:00
XS
SM
MD
LG