Accessibility links

Ерімбетов ісінде судья "азаптау фактілерін ескермейтін" болды


Ескендір Ерімбетов. Көрнекі сурет.
Ескендір Ерімбетов. Көрнекі сурет.

Алматыдағы Медеу аудандық сотында 47 жастағы кәсіпкер Ескендір Ерімбетов пен бірнеше азаматтың үстінен "алаяқтық" бабымен қозғалған қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысы өтті. Сотта айыпталушының қорғаушысы, әкесі Мырзахан Ерімбетов істе "азапталғанын айтқан ұлының арызын" ескеруді өтінді. Судья мұны қанағаттандырған жоқ.

Ескендір Ерімбетовтің әкесі, қоғамдық қорғаушысы 69 жастағы Мырзахан Ерімбетов жәбірленушілерді тергеу басталмай тұрып, "Ішкі істер департаментінің айыпталушы шағымданған азаптау фактілері жайлы тексеру шаралары туралы жазылған хаттарды іс материалдарына қосу туралы" өтініш айтты.

Қорғау тарабы Мырзахан Ерімбетовтің бұл өтінішін қолдады. Бірақ "азаптау арызы бойынша іс бұған дейін ашылып, қылмыс құрамының жоқтығынан жабылғанын" айтқан прокурор өтініштің қанағаттандырылуына қарсы шықты.

Мырзахан Ерімбетов "прокурор өтірік айтып тұр, азаптау арызы бойынша тексеру әлі жүріп жатыр" деп, істің жабылмағанын "айғақтайтын дәлелдер" ұсынды.

Көре отырыңыз: Ерімбетов "тергеу кезінде азапталғанын" айтты

Ерімбетов сотта сөйледі
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:33 0:00

​Осыдан соң прокурор Мырзахан Ерімбетовтің "азаптау фактілерін ескеру" жайлы өтініші "алаяқтық" бабы бойынша қозғалған іске қатысы жоғын" айтып, "ол хаттарды іске араластырудың қажеті жоқ" деді.

Судья Мырзахан Ерімбетовтің өтінішін қанағаттандырған жоқ. Шешімді естіген ол "судья Шәкіров ұлымның азапталғанына әлі көз жұма қарап келеді" деді.

Осыдан соң сот залында отырғандар шулап кетті. Судья Шәкіров процеске қатысып отырғандарға тәртіп бұзғаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін екенін айтып, ескерту жасады. Судьяның айтуынша, ереже бұзғандар сот залынан шығарылады, я әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Судья Тәкен Шәкіров Ерімбетов пен оның қорғаушыларына қарата "маған рақмет айтуларыңыз керек" деді. Судьяның бұл сөзін Ерімбетов "бопсалауға тырысу" деп бағалады.

Судья Ескендір Ерімбетов пен оның қорғаушыларына қарата "сот процесі кезінде үнемі тәртіп бұзасыздар" деді. Оның айтуынша, қылмыстық-процессуалдық кодексте сот процесі сот залынан шығарылған, я сотқа қатыса алмаған айыпталушысыз-ақ өте береді. Процеске рұқсат етілетін бір (қоғамдық) қорғаушының орнына, үш қорғаушыны қосқанын айтқан судья Тәкен Шәкіров Ерімбетов пен оның қорғаушыларына қарата "Маған рақмет айтуларыңыз керек", - деді. Судьяның бұл сөзін Ерімбетов "бопсалауға тырысу" деп бағалады.

Сот процесі іске жеті жәбірленушінің бірі ретінде тартылған "Казавиаспас" компаниясын тергеумен жалғасты.


Ескендір Ерімбетов пен Михаил Зоров, Дмитрий Пестов және Василина Соколенкоға "алаяқтықпен айналысты - алдын ала келісіп, біреудің мүлкін алдау я сеніміне кіру арқылы бірнеше рет жымқырды" деген айып тағылған. Айыптау актісінде аталған азаматтардың "2010-2017 жылдары мемлекеттік сатып алулар бойынша байқау өткізген мемлекеттік кәсіпорындар мен квазимемлекеттік сектордағы ұйымдардан авиция саласындағы Sky Service компаниясының қызметтеріне тым жоғары ақы алу арқылы 208 миллион теңгеден астам ақша жымқырғаны" жазылған.

Оқи отырыңыз: Мұның алдындағы сот отырысы қалай өтті?

Ескендір Ерімбетовке тағы бір іс – БТА банкінен заңсыз әкетілген "ақшаны жылыстату" ісі бойынша айып тағылған. Шетелде тұратын әрі Қазақстан билігін сынап жүрген БТА Банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов пен оның заңгері болып жұмыс істеген Бота Жәрдемәліге (Ерімбетовтің қарындасы) де айып тағылған. Бірақ бұл іс бойынша тергеу амалдары әлі аяқталған жоқ. Ерімбетовтің туыстары америкалық адвокат Джаред Генсермен оны қорғау туралы келісім жасасқан. Маусымның 14-інде Алматыда алғашқы сот отырысына қатысқан ол АҚШ-қа қайтқан соң "Ерімбетов ісінде қандай жайттарды заң бұзу деп санайтынын және кәсіпкерді қарындасын елге қайтарып, оппозициялық саясаткерге қарсы түсінік беруге мәжбүрлеу үшін қудалап отыр" деп санайтынын жазған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG