Accessibility links

Израиль "Ақ дулығалар" өкілдерін Сириядан шығаруға көмектесті


"Ақ дулығалар" ұйымы өкілдері әуе соққысынан қираған ғимарат астында қалған адамдарды шығарып жатыр. Идлиб, Сирия, 7 маусым 2018 жыл.
"Ақ дулығалар" ұйымы өкілдері әуе соққысынан қираған ғимарат астында қалған адамдарды шығарып жатыр. Идлиб, Сирия, 7 маусым 2018 жыл.

Сириялық "Ақ дулығалар" гуманитарлық ұйымының 800-ге жуық қызметкері мен олардың отбасы мүшелерін Израиль әскерилерінің көмегімен Сирияның оңтүстік аудандарынан Иорданияға эвакуациялаған. Бұл туралы бүгін Израиль мен Иордания хабарлаған.

"Ақ дулығалар" ұйымы қызметкерлері жақын арада Сирияның үкімет күштері бақылауына өтуі тиіс аудандарды тастап шыққан. Сирия президенті Башар Асадтың армиясы Израиль бақылауындағы Голан жотасымен шектесетін территорияға орналасып жатыр. Сириялық қарулы оппозициялық топтардың кей мүшелері қаруларын тапсырса, кейбірі келісім бойынша, Сирияның солтүстігіне кетіп жатыр.


Израиль әскерилерінің хабарлауынша, "Ақ дулығалар" қызметкерлері Сирия билігінің қолына түскен жағдайда өмірлеріне қауіп төнетін болғандықтан оларды эвакуациялауға жәрдемдескені туралы хабарлаған. Эвакуация АҚШ, Канада және бірқатар еуропалық елдердің өтініші бойынша жасалған. Иордания билігі эвакуацияланған адамдардың өз аумағына жеткенін растап, оларға уақытша баспана берілетінін айтқан. Кейін оларды Батыс елдері паналатпақшы.

"Ақ дулығалар" - Сирияның қарулы оппозициясының бақылауындағы аудандарда қызмет атқарған азаматтық қорғаныс ұйымы. Оларды Батыстың кей елдері мен коммерциялық емес ұйымдары қаржыландырған. "Ақ дулығалар" қызметкерлері әуе шабуылы мен артиллериялық қарудан жасалған соққылар салдарынан үйлері қираған бейбіт тұрғындарға жәрдем көрсетумен, сонымен бірге соғыста мерт болған бейбіт тұрғындар туралы деректер жинаумен айналысқан.

Ресми Дамаск пен Мәскеу "Ақ дулығалар" ұйымын "терроршылармен сыбайласып, жалған ақпарат таратады" деп айыптайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG