Бүгін Мәскеудің орталығындағы "Революция алаңы" метросының қасында зейнетақы реформасына және қосымша құн салығын көбейтуге қарсылық білдіріп, жалғыз адамдық пикетке шыққан белсенділер Дарья Полюдова мен Кирилл Котовты полиция ұстаған. Бейбіт пикетке шыққан екеуін полицияның ұстаған сәтін түсіріп алған тағы белсенді Николай Игроков оны Facebook әлеуметтік желісіндегі парағына жариялаған.
Видеода Полюдова мен Котовтың "Зейнетке шығу жасын ұлғайтуға және қосымша құн салығын көбейтуге жол берілмесін!" деген жазу ұстап тұрғаны көрсетілген. Көп ұзамай акция өтіп жатқан жерге келген полиция арнайы тобы екеуін мәжбүрлеп алып кеткен.
Дарья Полюдова "Кубаньды федерализациялау үшін" шеруін ұйымдастырмақ болғаны үшін екі жылын қоныстану колониясында өткізіп, бостандыққа 2017 жылы қазанда шыққан. Пензалық "Солшылдар қарсылығы" белсендісі Кирилл Котовты маусым айында Қызыл алаңға кіре берісте жалғыз адамдық пикет өткізгені үшін 15 тәулікке қамаған.
Ресей Мемлекеттік думасы шілденің 9-ы күні елде ерлердің зейнетке шығу жасын 60-тан 65 жасқа дейін, ал әйелдердікін – 55-тен 63-ке дейін көтеруді ұсынған үкіметтің заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған.
Зейнетақы реформасы Ресейде наразылықты күшейтіп, ондаған қалаларда қарсылық акциялары өткен.
ПІКІРЛЕР