Accessibility links

Алматыда Қоғамдық кеңес полиция жұмысын сынады


Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің сессиясы. Алматы, 23 шілде 2018 жыл.
Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің сессиясы. Алматы, 23 шілде 2018 жыл.

Алматыда 23 шілде күні Қоғамдық кеңестің мәжілісі өтіп, онда қаладағы қауіпсіздік мәселесі, құқық қорғау органдарының жұмысы талқыланды. Жиын 19 шілде күні қала орталығында 25 жасында пышақ жарақатынан қаза тапқан мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді бір минут үнсіз еске алудан басталды.

"2016 жылы Алматыда Руслан Күлекбаев жасаған оқиғадан кейін құқық қорғау органдары өздерінің ғимараттарын қоршаудан басқа ешқандай әрекет жасамады" деп сын айтқан кеңес мүшелері Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен Алматы қалалық ішкі істер департаментінің басшысы Серік Күдебаевтың жұмыстан кетуін талап етіп дауысқа салды. Ұсынысты Қоғамдық кеңес отырысына қатысқан Алматы қалалық ішкі іштер департаменті өкілдерінен басқа адамдар түгел қолдады.

"Ішкі істер министрінің жұмыстан өз еркімен кетуін талап ету" туралы бастама көтерген қоғамдық кеңестің мүшесі Кәкімжан Бишманов "Ерте ме, кеш пе, мұны біреу айту керек қой. Бірнеше жылдан бері жұмыстарын бақылап келеміз. Еш нәтиже жоқ" деді.

Жиынға Алматы қалалық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Ғазиз Нұрқаев та келді. Оның айтуынша, "2018 жылдың соңғы алты айында қалада көлік ұрлығы бойынша 136 іс тіркеліп, оның 42-сі ашылған".

Қоғамдық кеңес төрағасы Рахман Алшанов "қалада болатын ұсақ ұрлық заттарының базарда сатылатынын" айтып, құқық қорғау органдары өкілдеріне "Базарда тексеру жұмыстары неге жүргізілмейді?" деп сауал қойды. Оған Ғазиз Нұрқаев "арыз түспесе өздігінен еш тексеру жұмыстарын жүргізе алмайтындарын, тек заң аясында ғана жұмыс істейтіндерін" айтты.

Жиын барысында кеңес мүшелері "қарапайым адамдардың өзін-өзі қорғауы үшін травматикалық қару ұстауына рұқсат беру" жөнінде заң жобасын қабылдауды сұрап парламентке хат жолдауға уағдаласты.

19 шілдеде Алматыда қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен пышақ жарақатынан ауруханада қаза тапқан. Спортшының қазасынан соң қоғамда және әлеуметтік желіде қаладағы қоғамдық қауіпсіздік мәселесі, полиция мен құқық қорғау органдарының жұмысы қызу талқылана бастаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG