Ресейдің Забайкал өлкесіндегі Дарасун алтын өндіру кенішінің шахтерлары аштық акциясын жалғастырып жатыр.
26 шілдеде таңертең “Оңтүстік-батыс” шахтасының аштық ұстап жатқан 92 шахтерының 10-ы денсаулығы нашарлап, ауруханаға түскен. Бұл туралы Азаттықтың "Сибирь.Реалии" сайты хабарлап отыр.
Акцияға қатысушылардың бірі Андрей Михеичев сайт тілшісіне қалған шахтерлардың аштық акциясын жалғастыра беретінін айтқан.
Шахта жұмысшылары көптен бері жалақының кешіктіріліп берілетініне және жалақының көлеміне наразы болып келген. Бірақ аштық акциясы кенішті иеленетін "Урюмкан" компаниясының өкілі шахтада электр жарығын сөндіріп, оны суға батырып жіберу туралы қоқан-лоқы жасаған соң басталған.
Шахтерлардың жалақыларын алмағанына үш ай болған. Әуелі акцияны 55 жұмысшы бастаса, кейінірек олардың саны 92-ге дейін жеткен. Ереуілге шахтерлардың әйелдері де қатысып жатыр.
Аштық жариялаған шахтерларға компания тарапынан немесе жергілікті билік өкілдерінен ешкім әлі бармаған. 26 шілдеде кеніш директоры Евгений Рогалев өлке губернаторымен арнайы кездесуге кеткен.
Жергілікті прокуратура жалақының кешіктірілуіне байланысты әкімшілік іс қозғаған. Дерек бойынша, компанияның жұмысшылар алдындағы қарызының жалпы көлемі - 34,3 млн рубль.
Компания басшылары бұған дейін шахтерлардың жалақысын төлеуге компанияның шамасы жетпейтінін, себебі жергілікті банктің кенішті сатып алу бойынша келісімді қаржыландыруды тоқтатқанын айтқан.
"Урюмкан" компаниясы кенішті бұрынғы иесінен өте нашар жағдайда сатып алғанын (2017 жылы күзде), қазіргі кезде бес шахтаның тек біреуі ғана істеп тұрғанын айтқан. Ал түскен пайда ештеңеге жетпейді деп отыр.
Жұмысшылардың аштық акциясын қашан тоқтататыны белгісіз. Мұндай акция алғаш рет болып отырған жоқ.
2017 жылы мамыр айында да кеніштің 81 жұмысшысы жалақыларының үнемі кешіктірілуі мен оның көлеміне қатысты наразылық танытып, шахтадан жер бетіне шықпай қойған. Ол кезде наразылық акциясы өлке губернаторымен кездесуден кейін тоқтаған еді.
ПІКІРЛЕР